Алматы қаласының Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Алмас Батанов дөңгелек үстел барысында қаланы дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарының қалай іске асырылып жатқаны туралы айтып берді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар «Жаңа Алматы» бағдарламасының өзі қаланы полицентрлі үлгі бойынша дамытуға бағытталғанын атап өтті. Мақсат – өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасау, қала тұрғындарының белсенді демалысы үшін жаңа қоғамдық кеңістік қалыптастыру.

А. Батанов «Жаңа Алматының» не үшін жасалғанын айтты. Оның айтуынша, бұл жоба қалаға жаңадан қосылған аумақтардағы проблемалық мәселелерді шешетін болды.

«Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев инфрақұрылымдағы келеңсіздіктерді өзі жеке білу үшін қала шетіндегі тұрғындармен жиі кездесіп жүрді. Мысалы, 105 мыңнан астам тұрғыны бар Наурызбай, Алатау, Медеу, Түрксіб, Бостандық және Жетісу аудандарының 23 шағын ауданында орталық сумен жабдықтау және су бұру болған жоқ. Бағдарламаның арқасында 15 шағын ауданда желі құрылысы басталды. Олардың құрылысы аяқталғаннан кейін 71 мыңнан астам тұрғын коммуникациялармен қамтамасыз етіледі», - деді А. Батанов.

Бұрыннан бар проблемалар – жарықтың болмауы, нашар жолдар, тозған инженерлік желілер. Бірқатар аудандар, олардың ішінде Түрксіб, Жетісу, Әуезов аудандары тұрғын үй мен мектептердің тапшылығын сезінді.

«Біз аумақтардың қосылуы барысында субурбанизацияның қалыптасқанын, яғни қала көлемі артып, инфрақұрылым шығындарының өскенін көрдік. Қол жетімді жайлы тұрғын үй жетіспеді, ал қаланың өзі елеулі көші-қон жүктемесін бастан өткерді», - деп бөлісті А. Батанов.

Мәселен, 2012 жылдан бастап қала халқы 30%-ға өсті. Халық өсімінің ағымдағы қарқыны сақталған жағдайда 2030 жылға қарай алматылықтардың саны 3 млн адамға жетуі мүмкін. Негізгі қоныстану қаланың шетінде болады деп күтілуде.

Өткен жылдары жинақталған проблемаларды шешу үшін «Жаңа Алматыны» дамытудың кешенді жоспары әзірленді. 2019 жылдың қазан айында оны ел Президенті қолдады, ол мегаполисті «шетсіз қала» қағидатына сәйкес дамытуды тапсырды.

«Біз тұратын аудандарға қарамастан, халыққа өмірдің жоғары стандарттарын,жақсы жолдарды, жарықты, таза суды, газды, орталықтанған кәріз желісін ұсынғымыз келеді», - деп жалғастырды сөзін А. Батанов.

«Жаңа Алматы» ДКЖ аясында 428 жоба жүзеге асырылуда. Оның 69-ы 2020 жылы іске асырылған. Ағымдағы жылы 286 жоба іске асырылу сатысында, тағы 73 жоба келесі жылдары іске асырылатын болады.

А. Батанов Жаңа Алматының жоспарлы, үдемелі, тиімді дамитынын атап өтті. Тұрғындар жаңа шағын аудандар баспана сатып алып, жұмысқа орналасуда, білім алуда және ойдағыдай тынығуда. Демек, Жаңа Алматының болашағы зор.