Объектілерде "Ashyq" қосымшасын пайдалану міндетті болып табылмайды және бизнестің шешімі бойынша ерікті түрде жүзеге асырылуы мүмкін. Алматы бойынша шектеу шаралары кезеңінде жобаға 24 мыңнан астам бизнес субъектілері қатысты.
"Ashyq" бұған дейін коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және кәсіпкерлік объектілерінде шектеу іс-шараларын енгізу кезеңінде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында енгізілген болатын. Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шектеу шараларын жеңілдету туралы шешім қабылдады.
Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің ағымдағы жылғы 14 наурыздағы қаулысына сәйкес "Ashyq" жобасына қатысушылар "сары" және "жасыл" эпидемиологиялық қауіп-қатер аймақтарында өз қызметін шектеусіз жүзеге асырады. Қазіргі уақытта Алматы "жасыл" аймақта орналасқан.
"Қазіргі таңда "қызыл" аймақта орналасқан аймақтардағы "Ashyq" жобасына қатысушылар өз қызметін уақыт шектеусіз, бірақ объектілердің толымдылығы бойынша шектеулермен жүзеге асыра алады. Бұдан басқа, бизнес өкілі вакцинация алған қызметкерлер мен келушілерге қойылатын талаптарды енгізу қажет пе, жоқ па, соны өзі шешеді", - деп Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов атап өтті.
Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, көптеген азаматтар бетперде режиміне қатысты тармақты қате қабылдаған. Жабық бөлмелерде және қоғамдық көліктерде бетперде кию режимі әлі де міндетті болып табылады, сондықтан сосы талаптарды сақтау қажет.
Сондай-ақ, бас дәрігердің қаулысымен келесі шешімдер қабылданды:
- Сovid-19-ға қарсы вакцина алмаған қызметкерлер үшін күндізгі режимде жұмысқа жіберу бойынша шектеулер алып тасталды;
- вахталық әдіспен жұмыс істейтін ұйымдардың қызметкерлері үшін вахтаға кіру және шығу кезінде ПТР әдісімен міндетті зертханалық тестілеу ендігі уақытта қажет емес болып саналады.
"Бас санитарлық дәрігердің қаулысына 2-қосымшада "қызыл" мәртебесі бар келушілерді анықтау шаралары көрсетілген. Бұл сонымен қатар ПТР тестінің оң нәтижесі бар адамдар үйде оқшаулау режимін қатаң сақтау керек дегенді білдіреді, әйтпесе әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін. Егер бұрын "сары" мәртебесі бар азаматтарға қатысты тармақ аталған болса, қазіргі кезде қаулыда шектеулер көрсетілмеген. Бірақ біз өз тарапымыздан байланыста болған адамдарға басқа азаматтардың қауіпсіздігі мақсатында карантиндік шараларды сақтауды ұсынамыз", - деп Айтуар Қошмамбетов хабарлады.
"Қызыл" аймақта орналасқан өңірлер үшін ВАК шешімі негізінде елімізде шектеу шараларын қатайту жөнінде қосымша шешімдер қабылдануы мүмкін.
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы