Алматылық кәсіпкерлерге көлеңкеден шығуға көмектесіп, белсенді экономикалық қызметке тартуда.
Осы үшін дәстүрлі сауда заманауи өркениетті форматқа көшіріліп жатыр. Бұл жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин айтты.
Спикердің хабарлауынша, бүгінде қалада 20 мыңнан астам кәсіпкер бизнес жүргізіп отырған 52 базар жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта 28 базар жаңартылды. 25 млрд теңгеден астам инвестиция салынды, жұмыс орындарының саны 3,4 мыңға артты.
Бүгінде 16 қалалық базар жаңғыртылуда, олардың төртеуінің жұмысы осы жылдың соңына дейін аяқталады. Олар: «Байсат», «Қазына», «Кенжехан» және «Барыс-4».
«Нәтижесінде біз сауда жағдайын жақсартып қана қоймай, антисанитарлық және стихиялық сауданы да тоқтатамыз, базар қызметкерлері жұмыс берушілерден жалақы мен қажетті әлеуметтік аударымдарды ала алады, сауда қызметінен бюджетке салық аударымдары ашық болады», - деді Е.Оразалин.