Алматыда мереке құрметіне орай 40-тан астам түрлі іс-шаралар өткізіледі. Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мегаполисте Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 77 жылдығын мерекелеуге дайындық барысы туралы айтып берді.

Спикердің айтуынша, биыл Алматыда Жеңіс күні жоғары деңгейде ұйымдастырылады, оның үстіне соңғы екі жылда толық ауқымды іс-шаралар өткізілмеді. Соғысқа қатысушылардың барлығына және тыл еңбеккерлеріне жергілікті биліктен де, ардагерлер кеңесінен де барынша көп көңіл бөлінетін болады.

Ахан Бижанов Алматының ардагерлер қозғалысы үлкен және маңызды жұмыс атқарып, жас ұрпақты тәрбиелеуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Сондықтан, Жеңіс күніне арналған барлық іс-шаралар патриотизмді тәрбиелеуге және аға буынды құрметтеуге бағытталады.

Ардагерлерге құрмет көрсету 9 мамырға дейін басталған. Алматы әкімдігінің бастамасымен және мәслихаттың қолдауымен соғыс ардагерлеріне бір миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлемдер жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.

«Қалада мерекелік көңіл күй қалыптасуда, соғыс батырларының портреттері бар 40 билборд орнатылды, 9 мамыр тақырыбында қаланың барлық медиабордтарында және метро станцияларында роликтер орналастырылды. 20 мың «Жеңіс лентасы» дайындалып, қала тұрғындарына таратылады», - деді ардагерлер қозғалысының төрағасы.

Лентаны сауда-ойын-сауық орталықтарына, саябақ аймақтарына, 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябаққа, Орталық мәдениет және демалыс саябағына барған кезде алуға болады.
 
Айта кетерлігі, мерекелік безендіруден басқа аудандық әкімдіктер ардагерлер мен барлық жергілікті тұрғындар үшін концерттер өткізеді.
 
Негізгі бағдарлама 9 мамырда сағат 9.30-да басталады. Биыл «Батырларға тағзым» акциясы ұйымдастырылады, оның аясында қала тұрғындары М. Горький атындағы Алматы қаласының Орталық демалыс саябағынан Гоголь көшесіндегі 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябаққа дейін Ұлы Отан соғысының қаза тапқан батырларын еске алуға гүл шоқтарын қою үшін өтеді.

Гүлшоқтарын қойған соң қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді.  Шара барысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне де мерекелік дастархан ұйымдастырылады.
 
Мереке өтетін жерде әскери шатырлар мен заманауи қазақстандық әскери техника мен қару-жарақ қойылады.

Сондай-ақ Ахан Бижанов биылғы жылы қала әкімі, оның орынбасарлары, аудан әкімдері мен мәслихат депутаттары ардагерлерді аралап, әрқайсысымен жеке кездесулер өткізетінін айтты.

Мерекелік шаралар аудан әкімдіктері жанындағы алаңдарда да, саябақтарда да, тіпті тұрғын үйлердің аулаларында да күні бойы өтеді.