Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығын мерекелеу аясында «Батырларға тағзым» акциясы биыл бетпе-бет форматында өтеді. Барлық тілек білдірушілер кездесіп, қолдарындағы портреттермен өтеді. Толығырақ Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтылды.
Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Абдушкуров барша алматылықтар Ұлы Отан соғысы ардагері туысқандарының портреттерін салып, сол арқылы әлемге өз батырларының ерліктері туралы хабарлай алатынын айтты.
«Біз биыл «Батырларға тағзым» акциясын 9 мамырға арналған жалпықалалық іс-шаралар аясында офлайн режимде өткізуге ниеттіміз. Биылғы жылы М. Горький атындағы Алматы қаласының Орталық демалыс саябағынан Гоголь көшесіндегі жалпы ұзындығы бір шақырымға жуық 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағына дейінгі жаңа бағыт таңдалды», - деді спикер.
Шара 9 мамыр күні сағат 9.30-да өтеді. Осы уақытта Орталық мәдениет және демалыс саябағынан шеру қозғалысы басталады. Одан кейін колонна ұйымдасқан түрде Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою үшін 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябаққа бет алады.
Қала тұрғындары мен қонақтарын акцияға қосылуға және Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, тыл еңбеккерлерінің, концлагерь тұтқындарының, блокададан аман шыққандардың, жауынгер балалардың портреттері немесе туысқандарының фотосуреттерін алып келуге шақырамыз.
Мұрат Абдушкуров осынау ұлы ерлікті есте сақтау, оны ерлік тарихы ретінде ұлықтау әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы екенін атап өтті.
Сондай-ақ, акцияның ережесін де жариялады. Қатысушыларға оны жарнама алаңы ретінде пайдалануға және баннерлерде қозғалыс мақсатына қатысы жоқ кез келген корпоративтік, саяси немесе басқа белгілерді көрсетуге тыйым салынады. Акция коммерциялық және саяси шара емес.
Ұйымдастырушылар азаматтарды арандатушылық белгілерді (Z, V, Георгий ленталары, қызыл жалаулар және т.б.) және басқа республикалардың мемлекеттік туларын қолданбауға шақырды.
«Жеңіс лентасы» сол жерде таратылады.