Алматы мен өңірлерде ұлттық басымдықтар мен патриоттық тәрбиені ілгерілетуді арттыруға бағытталған жобаны іске асыруға кірісті. Бұл туралы Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде жоба үйлестірушісі Шырын Тленчиева айтып берді.
Биыл жоба аясында әскери-патриоттық тәрбиені ілгерілету бастамаларына гранттық қаражат бөлінетін болады. Мұндай жоба бірнеше жылдан бері жүзеге асырылуда. Алайда, бірқатар бастамаларға гранттық қаражат бөлу алғаш рет қарастырылып отыр. Әскери-патриоттық клубтар мен ұйымдар арасында 10 шағын грант ойнатылады. Әрқайсысының мөлшері 400 мың теңгені құрайды.
Шырын Тленчиева ҚР Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың «жастар азаматтық қоғамның дамуына және елдің табысты жаңғыруына ықпал ете отырып, ел өміріне белсенді қатысады» деген сөзін еске салды.
«Біздің жобамыз әскери-патриоттық ұйымдар мен клубтарға әдістемелік қолдау көрсетеді, әскери қызмет пен патриотизмнің беделін көтеруге ықпал етеді. Белгілі жаттықтырушылардың қатысуымен бірқатар іс-шаралар, мастер - кластар, пікірталас форумдары, ойындар мен патриоттық акциялар өткізу жоспарлануда», - деп хабарлады жоба жетекшісі.
Айта кетерлігі, «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі шаралар кешенін іске асыру» жобасы аясында белсенділер әскери-патриоттық клубтар мен басқа да патриоттық бірлестіктерге тартылған жастардың үлесін 2022 жылдың соңына дейін кемінде 20%-ға арттыруды жоспарлап отыр.