2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Алматы қаласында еңбек инспекциясы 634 тексеру жүргізіп, 638 заң бұзушылықты анықтады. Соның нәтижесінде қала кәсіпорындары 243 жұмысшыға 130,7 миллион теңге жалақы берешегін өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы қалалық Еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшысы Серік Оразбеков мәлімдеді.

Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 634 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде 638 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 603-і еңбек қатынастарына, 34-і еңбек қауіпсіздігіне, ал бір жағдай жұмыспен қамтуға қатысты болды.

Жұмыс берушілерге 414 нұсқама беріліп, олардың 97,3% - ы орындалды. Заң бұзған 335 ұйым мен кәсіпкерге 62,8 миллион теңге айыппұл салынып. оның 44,4 миллионы өндірілді.

Жыл басынан бері еңбек инспекциясына 5 мыңнан астам өтініш түсті. Заң талаптарын түсіндіру үшін 7 кездесу ұйымдастырылып, 422 адам кеңес алды. БАҚ-та еңбек құқығы жөнінде 6 материал жарияланды.

Биыл Алматы қаласында «AMANAT» партиясының қалалық филиалы жанында жеке қабылдау ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қалаға іс-сапармен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі еңбек тәуекелі жоғары екі кәсіпорын басшыларымен кездесіп, салық және жалақы берешегі мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, еңбек инспекторлары, аудандық прокуратура және кәсіподақ ұйымдары бірлесіп, еңбек ұжымдарымен бірлескен кездесулер өткізді. Бұл шаралар еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.

2025 жылы қаладағы 52 ұйым жұмысшыларына 130,7 млн теңге қарызын өтеді. Мысалы, «Казэлектропривод» ЖШС 27 қызметкерге 24,4 миллион теңге, ал банкрот болған «ДК Кардинал» ЖШС 35 адамға 41,1 миллион теңге төледі.

Маусым айында банкрот кәсіпорындардағы берешек пен өндірістегі жарақат мәселесі қаралған жиын өтті. Онда қауіпсіздік пен еңбек тәртібін сақтау жолдары талқыланды.

Сонымен қатар еңбек және әлеуметтік қатынастарды реттеу жөніндегі қалалық комиссия өз жұмысын жалғастырып жатыр. 2024 жылы комиссияның 13 отырысында жалақы мен әлеуметтік төлемдер, еңбек даулары және электронды еңбек шарттарына көшу мәселелері қаралған.

Алдағы уақытта еңбек шарттарын тек қағаз жүзінде рәсімдеп, оларды электрондық еңбек шарттарының бірыңғай жүйесіне енгізбеген жұмыс берушілерге айыппұл салу қарастырылатын болады.

«Бұл – жұмыс берушінің міндеті. Бірақ қазір оны орындамағандарға айыппұл жоқ. Енді заңға өзгеріс енгізіліп жатыр – егер еңбек шарты бірыңғай электрондық жүйеге енгізілмесе, айыппұл салынады. Сондықтан барлық жұмыс берушілерге ескерту: егер еңбек шарттарыңыз жүйеге енгізілмесе, тезірек енгізіңіздер. Бізде еңбек қауіпсіздігі базасы бар, соның арқасында қай кәсіпорын енгізгенін көре аламыз. Азаматтар шағым түсірсе, кәсіпорынға тиісті шара қолданылады», – деді департамент басшысы.

Алматыда еңбек инспекторлары жұмысшылардың құқықтарын қорғап, заң бұзушылықтың алдын алу бағытында жұмыс істеп келеді. Негізгі мақсат - жалақыны уақытында төлеуді қадағалай отырып, еңбек қауіпсіздігін сақтау және жұмысшылардың құқықтық сауатын арттыру.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ