Алматы қаласының Медеу ауданында шағын аудандарды сапалы ауыз сумен және орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Бұл жұмыс 2023 жылы басталды деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Еркебұлан Оразалин.

Сол кезде ауданның жоғарғы бөлігінде орналасқан ұңғымалардағы су деңгейі 2,5 есеге - 150 текше метрден 60 текше метрге дейін төмендеген болатын. Осыған байланысты ұзындығы 73 шақырым болатын жаңа инженерлік желілер салынды. Соның нәтижесінде 35 мыңнан астам тұрғын алғаш рет орталықтандырылған ауыз су және кәріз жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болды.

2025 жылы бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 118 шақырым инженерлік желілердің құрылысы «Таулы қырат», «Каменское плато», «Малая станица», «Атырау», «Алатау» және «Мұзтау» шағын аудандарында жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін «Алатау» және «Мұзтау» шағын аудандарында құрылыс жұмыстары аяқталады, ал қалған жобалар 2026 жылы өз жалғасын табады. Нәтижесінде 25 мыңнан астам тұрғын тұрақты ауыз су мен кәріз жүйесіне қол жеткізеді.

Инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған кешенді жұмыс аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ