Алматы қаласының Түрксіб ауданында мектептердегі оқушы орындарының тапшылығы 1600-ден асады. Осыған байланысты ауданда биыл үш мектеп кеңейтіліп, тағы біреуі ескі ғимараттың орнына салынады. Түрксіб ауданының әкімі Бахытжан Ақжаров мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығы мәселесін шешетінін, сондай-ақ дәрігерлік амбулаториялар салу жоспарлары туралы айтты.
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Бахытжан Ақжаров Түрксіб ауданында бүгінде 29 мектеп бар екенін, оның екеуі жеке меншік мектеп екенін хабарлады. Барлығы 32 375 оқушы оқиды, бұл ретте оқушы орындарының тапшылығы 1680-ді құрайды.
Бұл мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы органдар № 170 мектепке 300 орындық қосымша құрылыс салуды аяқтау туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта нысанның 60% - ы дайын, құрылыс биыл желтоқсан айында аяқталады.
Сейфуллин даңғылындағы жекеменшік мектепте 590 орынды тағы бір қосымша құрылыс салынады. Жұмыстар оқу жылының басында аяқталады.
1500 орындық ең үлкен қосымша құрылыс Қайрат шағын ауданындағы мектепте пайда болады. Сонымен қатар, Сауранбаев көшесінде орналасқан № 59 мектеп-гимназиясының жаңа ғимаратын салу жоспарлануда.
Бахытжан Ақжаровтың айтуынша, мектепке дейінгі мекемелермен мәселе шешіледі. Қолда бар 90 балабақшаның деректері бойынша ауданда балабақша жетіспейді, сондықтан Жас Қанат шағын ауданында 280 орындық балабақшаның құрылысы басталды. Ғимарат жыл соңына дейін салынады.
«Биыл Қайрат шағын ауданында қосымша 260 орындық мемлекеттік балабақшаның құрылысы, сондай - ақ Стахановская көшесіндегі № 70 санаторлық балабақшаның күрделі жөндеуімен сейсмикалық нығайту жоспарлануда», - деп хабарлады Түрксіб ауданының әкімі.
ӨКҚ алаңындағы өткен брфингте аудан әкімі өз сөзін медициналық инфрақұрылым жөнінде жалғастырды. Б. Ақжаровтың айтуынша, ауданда 13 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді (7 қалалық емхана және 6 стационар). Онда тіркелген халық саны 247 мың адам. Ауданның медициналық инфрақұрылымын кеңейту үшін 2021 жылы Нұршашқан және Қайрат шағын аудандарында дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастау жоспарлануда, сондай –ақ, Қайрат шағын ауданында модульді дәрігерлік амбулатория салынбақ.
Бахытжан Ақжаров Түрксіб ауданындағы мәдениет және спорт нысандарының құрылысы туралы айтып берді. Әкімнің хабарлауынша, 2021 жылдың желтоқсан айында Жас қанат және Жұлдыз шағын аудандарында бассейндер, жекпе-жекке арналған әмбебап залдар, жаттығу және топтық фитнес залдары, жүгіру жолдары, спорттық гимнастика және воркаут алаңдары орналасатын 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталады.
«Биыл волейбол, баскетбол, футбол, жекпе - жек және басқа да спорт түрлерінен 40 тегін секция, сондай-ақ вокал, бейнелеу өнері, хореография, домбыра және басқа да музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету бойынша шығармашылық үйірмелер ашу жоспарлануда», - деп хабарлады аудан әкімі.
2000-нан астам бала және ерекше қажеттіліктері бар 100-ден астам баланы қамтитын көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін 4 спорт нысаны (ММА, кикбоксинг, дзюдо, самбо, таэквондо, бокс, джиу джитсу, грэпплинг, футбол, күрес, тренажер, каратэ) базасында 13 тегін секция ұйымдастырылды.