Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен мәдени мұрасы туралы ғылыми негізделген ақпарат жұртшылыққа қолжетімді болуы тиіс. Әйтпесе TikTok, YouTube пен басқа да әлеуметтік желіде жұртты шатастыратын дүниеден аяқ алып жүре алмай қаламыз.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында еліміздің жетекші этнографтары осылай деп мәлімдеп, ұлттық мәдениетті, фольклор мен тарихи жадты сақтау мәселесіне байланысты пікір білдірді.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты этнология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали академиялық этнографияның ондаған жыл бойы қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін зерттеп келе жатқанын айтты. Алайда соңғы жылдары цифрлық платформаның қарқын алуына байланысты кәсіби зерттеушілерді бұрынғыдай елеп-ескермейтін болып барады екен.

«Менің ойымша, этнография ғылымының рөлі аса маңызды. Бірақ соңғы жылдары цифрлық технология дамып, YouTube, TikTok пен басқа да әлеуметтік желілер арқылы ақпараттың кең таралуына байланысты ғылымның дауысы біршама көмескіленіп қалды. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Себебі дәстүрлі мәдениетті ғылыми дерекке сүйене отырып зерттеп, түсіндірген дұрыс», – дейді Серік Әжіғали.

Оның айтуынша, қазақ халқының мәдениетін жүйелі зерттеу өткен ғасырдың орта шенінен бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында этнографтар, мәдениеттанушылар мен антропологтар қазақтардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі мен рухани мәдениетіне арналған 150-ден 200-ге дейін іргелі ғылыми еңбек пен монография әзірлепті.

Оның қатарында ғұрыптық мәдениетке арналған зерттеу, қазақ халқының өткені мен бүгінгі дәстүрі туралы жинақтар, сондай-ақ екі томдық пен көптомдық ғылыми басылымдар бар. Бұларда сирек кездесетін мұрағат құжаттары жарияланып, революцияға дейінгі зерттеушілердің еңбегі алғаш рет қазақ тіліне аударылған. Алайда бұл кітаптың көбі бірнеше жүз немесе бір-екі мың данамен ғана жарық көріп, негізінен кітапханаға таратылған.

«Осындай ғылыми еңбекті әлдеқайда көп таралыммен шығару қажет. Қарапайым халықтың оларға қолы жете бермейтіндіктен, көбіне жалған ақпарат алып, жаңылысып жатады. TikTok немесе YouTube-та жарияланған мәліметті көпшілік шындық деп қабылдайды. Бірақ оның арасында бұрмаланған ақпарат та аз емес», – деп атап өтті ғалым.

Серік Әжіғали ғылыми мұраны жариялау жұмысы жалғасып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, қазіргі уақытта көрнекті қазақ этнографы Халел Арғынбаевтың еңбектерінің үш томдық жинағы дайындалып жатыр. Оның екі томы жарық көрген. Сонымен қатар ғалымның қазақ тіліндегі еңбектерінің бір бөлігі орыс тіліне аударылып, ғылыми түсіндірмемен, түсініктемемен толықтырылған.

Сонымен бірге ғалым этнология ғылымын дамытудағы негізгі мәселенің бірі ретінде Қазақстанда дербес академиялық этнография институтының жоқтығын атады. Оның айтуынша, елімізде бұл салада еңбек ететін жүздеген ғалым, ғылым докторы мен кандидат бар, яғни ғылыми әлеует жеткілікті. Дегенмен ұлттық мәдениетті зерттеу жұмысын үйлестіретін бірыңғай ғылыми ұйым әлі күнге дейін құрылмаған екен.

«Бүгінде ұлттық бірегейлік мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Қазіргі жаһандық үдерістер ұлттық және мемлекеттік мүдденің өзектілігін жоғалтпағанын көрсетіп отыр. Әлемдік кеңістікте өз орнымызды сақтау үшін төл мәдениетімізге, тарихи жадымыз бен салт-дәстүрімізге көбірек мән беруіміз керек», – деді Серік Әжіғали.

Ғалымның пікірінше, академиялық этнография институтын құру дәстүрлі мәдениетке қатысты ауқымды зерттеулер жүргізуге, ғылыми білімді жүйелеуге, ғылыми еңбектерді үлкен таралыммен шығарып,е халыққа қазақтың төл салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының мәнін кеңінен түсіндіруге мүмкіндік береді.

Баспасөз мәслихатына қатысушылар мәдени мұраны сақтау үшін ғалымдар, мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдары мен жалпы қоғам бірлесіп жұмысістеуі тиіс екені айтылды. Дәстүр туралы ғылыми білімді қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізу қажет. Бұл интернетте таралатын түрлі мифтер мен бұрмаланған ақпаратқа қарсы тұрып, шынайы әрі ғылыми негізделген мәліметтің кең таралуына жол ашады.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі