Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТА-дағы тікелей эфир кезінде қаланың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы айтты.
Б. Сағынтаев қауіпсіздік «Алматы - 2050» Стратегиясында белгіленген жеті стратегиялық бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Қазіргі кездегі басты міндет – Алматыны қала тұрғындары мен қонақтары кез-келген ауданда және кез-келген уақытта өздерін қауіпсіз сезінетін, ал ата-аналар балаларын мектепке немесе достарымен қыдыруға еш алаңдамай жіберетін қылмыс деңгейі мен төтенше жағдайлар қаупі төмен қалаға айналдыру.
Қауіпсіздік деңгейі жыл сайын артып келеді. Мысалы, Стратегияда «100 мың адамға шаққандағы қылмыс деңгейінің » индикаторы көрсетілген, ол 2020 жылы 3260, ал 2025 жылы - 2835 болуы керек. Ал, іс жүзінде 2019 және 2020 жылдары бұл көрсеткіш сәйкесінше 2889 және 1457,9-ды құрады. Стратегиядағы «100 мың адамға шаққанда өліммен аяқталған ЖКО-ның саны» индикаторы бойынша 2030 жылға дейін 4,6-дан кем емес көрсеткішке жету жоспарланған. Іс жүзінде, 2020 жылы бұл көрсеткішке 4,2 болды.
2019 жылдан бастап Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша барынша криминогенді жерлерде полицияның 37 жаңа модульді стационарлық посты ұйымдастырылды. Ағымдағы жылы тағы 7 осындай пост ашылатын болады. Криминогенді учаскелерде патрульдеуді күшейту және жылжымалы полиция пункттерін құру жағдайды едәуір жақсартты.
2020 жылдың қорытындысы бойынша қылмыс 2 есеге (47,8%-ға) азайды. Қоғамдық орындарда тіркелген құқық бұзушылық саны 3,4 есеге төмендеді, көше қылмыстары 4,2 есеге қысқарды. Сондай-ақ, қылмысты ізін суытпай ашу 12,3%-ға жақсарды. Ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша қалада қылмыс барлық бағыттар бойынша 21,3% төмендеді.
Қала тұрғындары мен қонақтарына туындайтын мәселелерді шешуде көмек көрсету міндеті қойылған учаскелік инспекторлардың рөлі күшейтілді. Әрбір ересек алматылық учаскелік инспекторын жақсы тануы тиіс.
Мегаполис әкімі қалада құқық бұзушылыққа қарсы нөлдік төзімділік ахуалын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Сондықтан қылмысты іздеп қана қоймай, оның салдарымен де күресу керек. Әлеуметтік қамсыздандыру органдары қылмысқа бейім контингентпен тиісті профилактикалық жұмыстарды жүргізулері қажет. Профилактикалық әңгімелерді, мониторингті, қоғамды интеграциялауға ықпал етуді тиімді пайдаланып, қажет болған жағдайда қатаң шаралар қолданған жөн. Қылмысты жасайтындардың басым көпшілігі жұмыссыз азаматтар немесе қиын өмірлік жағдайға тап болғандар немесе заңсыз мигранттар екені белгілі.