Алматы қаласының білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Омарова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау шаралары туралы айтып берді.
Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің өкілі жыл сайын жазғы демалыстың басталуымен бүкіл ел бойынша 1-12 маусым аралығында «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқаны өткізілетінін хабарлады. Өткізілген іс-шаралар аясында білім беру органдарының өкілдері, полиция қызметкерлері кәсіпкерлерге кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тарту жазаланатынын еске салатын болады.
«18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар түнде жұмыс істей алмайды, оларға үлкен физикалық белсенділікпен байланысты жұмысты тапсыруға болмайды. 16 жасқа дейін еңбек шартына ата-аналардың бірі қол қоюы керек. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес 14-16 жастағы балалар аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жастағы жасөспірімдер 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек»,-деді Гүлдана Омарова.
Департамент өкілі дағдарыс жағдайында балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ олардың отбасылары Департаменттің «жедел желі» 225-18-80 нөміріне қоңырау шала алады деп хабарлады.
«Егер сіз балалардың денсаулығына, қауіпсіздігіне зиян келуі мүмкін қызметтерге тарту жағдайлары туралы білсеңіз, әрқайсымыз бұған бей-жай қарамай, хабарлауымыз керек. Біз әр баланың құқығын бірлесіп жүзеге асыруға қол жеткізуіміз керек», - деді Г.Омарова.
Сонымен қатар, Гүлдана Омарова 2019 жылы Телеграмм мессенджерінде «Bala Qorgay» чаты құрылғанын хабарлады. Ол кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық немесе қатыгездік фактілерін тіркеуге арналған. каналды құру бастамасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне тиесілі. Оған қосылу үшін қосымшаның іздеу жолына bala_qorgau деп теру керек.
«Өткен аптада «Bala Qorgay» чатына 63 сұрақ түсті. Шұғыл әрекет ету шаралары қабылданды. Мысалы, ата - аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаға көмек көрсетілді», - деді Г.Омарова.
Бұл ретте келіп түскен мәселелердің негізгі бөлігі құқықтық ақпараттандыруға қатысты. Кері байланыс тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.