Он бірінші сынып оқушылары ересек өмір жолын мектеп ауласына ағаш отырғызудан бастады. Ағаш отырғызу түлектер арасында дәстүрге айналған. Әр жылдың мектеп бітірушілері білім ордасына деген алғыстарын осылай білдіреді. Биыл бұл үрдіс Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны және «Алматы – біздің ортақ үйіміз» калалық кампания аясында жалғасын тапты.
Бүгінгі «Түлектердің ағаш отырғызуы» республикалық эко-челленджі барысында алматылық түлектер 400-ден астам жеміс ағаштары мен 500-ге жуық гүл көшеттерін отырғызды. Осы орайда Бостандық ауданындағы №105 гимназияның түлектері де ауқымды науқанға өз үлестерін қосты. Олар акция аясында оқу ғимаратының ауласына 60-тан астам жеміс және туя ағаштарын отырғызды.
«Бұл тек қоғамдық пайдалы жұмыс емес, бізді оқытқан мектебімізді, сүйікті қаламызды көгалдандыруға және жақсартуға қосқан үлесіміз деп есептейміз. Бірнеше жылдан соң, мектебімізді сағынып келгенде осы ағаштардың жайқалып өсіп тұрғанын елестетсем, кеудемді қуаныш сезімі кернейді», - дейді №105 гимназияның 11 сынып оқушысы Алуа Төлеғұлова.
Жас түлектер осындай маңызды шараға үлкен жауапкершілікпен қарады. Әрқайсысы тың дайындықпен келген. Ағаштар шынайы көңілмен және аса қамқорлықпен отырғызылды. Олар енді тамырын тереңінен жайып, қаланың одан әрі жасыл желекке айналуына себеп болмақ .
Экологиялық науқанға қолдау білдірген Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ляззат Жылқыбаева және Басшы орынбасары Бақытжан Биекова да №180, №105 мектеп түлектерімен бірге оқу ғимаратының ауласына жеміс ағаштарын отырғызды.
Айта кетейік, биыл Алматыда 15 мыңнан астам оқушы (13106 –мемлекеттік мектептер, 2528 – жеке) 11 сыныпты аяқтап, алтын ұя мектебімен қоштасады. «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанына қатысып, белсенділік танытқан мектеп бітіруші түлектерге алдағы емтиханнан сүрінбей өтіп, қалаған мамандықтарына түсуге тілектеспіз.
Естеріңізге сала кетейік, «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны 8 мамырға дейін жалғасады. Әрбір тұрғын қаланың дамуы мен абаттандырылуына өз үлесін қоса алады.