Алматы қаласының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» алаңында ауа сапасы мен бизнеске қойылатын жаңа экологиялық талаптар мәселесі талқыланды. Кездесуге «Eco Almaty» ЖШС бас директоры Марат Сембеков және кәсіпкерлік қоғамдастық өкілдері қатысты.
Мамандардың мәліметінше, Алматыдағы ластаушы заттар шығарындыларының жалпы көлемі жылына шамамен 189 мың тоннаны құрайды. Оның 60%-ға жуығы автокөлікке, 24%-ы энергетика секторына тиесілі болса, тағы 13%-ын жеке тұрғын үй құрылысы, шағын бизнес нысандары және құрылыс саласы қалыптастырады.
Марат Сембековтың айтуынша, жүргізілген мониторинг аясында 2100-ден астам шағын және орта бизнес нысаны зерттелген. Оның ішінде 650 техникалық қызмет көрсету станциясы, 1030 қоғамдық тамақтану орны және 420 қоғамдық монша бар.

Зерттеу нәтижесінде 760 нысанның әлі де қатты отынды пайдаланып отырғаны анықталды. Сонымен қатар моншалар, техникалық қызмет көрсету станциялары мен қоғамдық тамақтану орындарынан шығатын ластаушы заттардың жиынтық көлемі жылына 2 мың тоннадан асады.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа тәсілдері таныстырылды. Олар экологиялық мониторингті күшейтуді, төмен шығарындылар аймақтарын (LEZ) енгізуді, сондай-ақ бірқатар нысандарды экологиялық тұрғыдан тиімді технологиялар мен отын түрлеріне кезең-кезеңімен көшіруді көздейді.

Қатысушылар қоғамдық моншалар мәселесіне ерекше назар аударды. Алматы үшін олар қала инфрақұрылымының маңызды бөлігі әрі сұранысқа ие қызмет түрі болып қала береді. Дегенмен дәл осы сектор, басқа да шағын бизнес нысандарымен қатар, жаңа экологиялық талаптарға бейімделу қажеттілігіне тап болуы мүмкін.
Алматы қаласының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Атамекенде» экологиялық күн тәртібі бүгінде бизнестің барлық дерлік саласына қатысты екенін атап өтті. Сондықтан Палата алаңы жаңа талаптарды ашық талқылап, қаланың экологиялық міндеттері мен кәсіпкерлер мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беретін шешімдерді іздейтін маңызды диалог алаңына айналып отыр.

Кездесуге қатысушылардың пікірінше, Алматыдағы ауа сапасын жақсарту тек ірі инфрақұрылымдық жобалар арқылы ғана мүмкін емес. Бұл ретте шағын және орта бизнесті қоса алғанда, экономиканың әрбір секторының үлесі маңызды рөл атқарады.
Палата өкілдері осындай салалық кездесулер тәжірибесі алдағы уақытта да жалғасатынын хабарлады. Жақын уақытта экологиялық мәселелер мен жаңа талаптарды қаланың басқа да кәсіпкерлік салаларының өкілдерімен талқылау жоспарланып отыр.