28 қазан – Кәсіпкерлер күні қарсаңында Алматыда TikTok Impact Forum өтті. Форум аясында Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен TikTok платформасы қазақстандық шағын және орта бизнестің цифрлық платформаларды пайдалану тәжірибесіне арналған жаңартылған зерттеу нәтижелерін таныстырды.
Зерттеу еліміздің барлық 20 өңірінен 206 компанияның қатысуымен 2026 жылдың қыркүйек–қазан айларында жүргізілген. Оның мақсаты – TikTok платформасының кәсіпкерлік қызметке ықпалын, бизнесті ілгерілетудегі мүмкіндіктерін және кәсіпкерлердің цифрлық құралдарды пайдалану тәжірибесін зерделеу.
Зерттеу нәтижелері қазақстандық кәсіпкерлер арасында платформаны бизнес мақсатында пайдалану жиілегенін көрсетеді. Сауалнамаға қатысқан компаниялардың 43,7%-ы TikTok-ты ай сайын қолданатынын айтқан. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 14,2 пайыздық тармаққа жоғары. Ал кәсіпорындардың 27,2%-ы платформаны апта сайын немесе одан да жиі пайдаланады. Осылайша, сауалнамаға қатысушылардың 70%-дан астамы TikTok-ты айына кемінде бір рет бизнес мақсатында қолданады.
«Атамекен»: кәсіпкерлердің цифрлық мүмкіндіктерін зерттеу маңызды
Зерттеу нәтижелерін таныстырған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры – Бизнесті реттеу департаментінің директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Динара Ақынбекова цифрлық платформалардың кәсіпкерлікке ықпалын нақты тәжірибе негізінде бағалаудың маңызын атап өтті.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазиннің айтуынша, ұйым үшін жаңа технологиялардың отандық бизнеске беретін мүмкіндіктерін зерделеу маңызды.
«„Атамекен“ үшін жаңа технологиялардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін және отандық кәсіпкерлерге қандай мүмкіндіктер беретінін түсіну маңызды. Сондықтан TikTok-пен ынтымақтастығымыздың негізгі бағыттарының бірі бизнестің тәжірибесін зерттеу болды. Биыл өңірлік кәсіпкерлер палаталарының белсенді қатысуымен зерттеуді жаңартып, қазақстандық компаниялардың платформаны пайдалану тәжірибесінен нақты мысалдар жинадық», – деді Аслан Қалиғазин.
Кәсіпкерлердің басым бөлігі жаңа клиенттер тартуда
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, қатысушылардың 88,3%-ы TikTok жаңа клиенттер тартуға оң әсер ететінін айтқан. Ал 83,5%-ы платформаның клиенттермен байланыс орнатуға көмектесетінін, 73,3%-ы бәсекелестер арасында ерекшеленуге мүмкіндік беретінін атап өткен.
Кәсіпорындардың 77,6%-ы платформада бейнематериалдар жариялайды. Сонымен қатар контент авторларымен ынтымақтастық орнататын компаниялардың үлесі бір жыл ішінде 10,4%-дан 22,8%-ға дейін өскен. Ақылы жарнаманы пайдаланатын кәсіпорындар үлесі 18%-ды құрайды.
Зерттеуде TikTok-пен байланыстыратын табыс көрсеткіштері де келтірілген. Сауалнамаға қатысқан компаниялардың 57,8%-ы платформадағы белсенділіктен түсетін табыс жалпы кірісінің 5%-ынан асатынын көрсеткен. Бұл өткен жылғы зерттеумен салыстырғанда 12,3 пайыздық тармаққа жоғары.
TikTok-тың кәсіпкерлікке ықпалы: салалық көрсеткіштер
Зерттеу нәтижелері платформаны пайдалану тәжірибесі әр салада әртүрлі екенін көрсетеді. TikTok-пен байланыстыратын табыс үлесінің өсімі жылжымайтын мүлік қызметтері саласында, мәдениет, ойын-сауық және туризм бағыттарында, сондай-ақ азық-түлік тауарлары сегментінде байқалған.
Мәселен, жылжымайтын мүлік қызметтері саласында табысының кемінде 5%-ын TikTok-пен байланыстыратын компаниялардың үлесі 66,6%-ға жеткен. Мәдениет, ойын-сауық және туризм саласында бұл көрсеткіш 60,5%, ал азық-түлік тауарлары сегментінде 56,8% болған.
Зерттеу авторлары кәсіпкерлердің платформаны пайдалану жиілігі мен оған бөлетін маркетингтік бюджеті арасында да оң байланыс бар екенін атап өтеді.
Қазақстандық компаниялардың тәжірибесі
Форумда TikTok-ты бизнесін дамытуға пайдаланатын отандық компаниялардың мысалдары да таныстырылды.
Шымкент қаласындағы Al-AN Duken киім бренді бір жыл ішінде платформадағы жазылушылар санын шамамен 15 мыңға, ал сатылым көлемін 20%-ға арттырған. Компания мәліметінше, TikTok-тағы бір сағаттық тікелей эфир орта есеппен 15–20 өтінім жинап, 3–6 сатылымға мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстандағы Lesnoe VKO табиғи бал өндірушісі өнімдері мен омарта жұмысы туралы бейнематериалдар жариялау арқылы шетелдік аудиторияның да назарын аударған. Компания өкілдері экспорттан түсетін табыстың өсуін TikTok-тағы контентке қызығушылық танытқан шетелдік тұтынушылармен байланыстырады.
Ал Алматыдағы Doner na Satpayeva желісінің TikTok-тағы жазылушыларының саны миллионнан асқан. Төрт жыл ішінде компания қалада 13 нүктеге дейін кеңейіп, алдағы уақытта басқа қалаға шығуды жоспарлап отыр.
Зерттеу нәтижелері нені көрсетеді?
Зерттеу аясында TikTok платформасын пайдаланумен байланысты Қазақстанның шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ықтимал табысы да модельдік тәсілмен есептелген. Консервативті сценарий бойынша бұл көрсеткіш 531,6 млрд теңгені, қалыпты сценарийде 797,4 млрд теңгені, ал жедел цифрландыру сценарийінде 1 трлн 63,2 млрд теңгені құрауы мүмкін.
Айта кету керек, бұл сандар нақты өлшенген сатылым көлемі емес, кәсіпкерлердің өз бағалаулары мен ресми статистикаға сүйенген модельдік есептеулер. Зерттеу TikTok-тың табысқа тікелей себеп болғанын дәлелдемейді және көрсеткіштерді елдегі барлық шағын және орта бизнеске автоматты түрде таратуға болмайды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен TikTok ынтымақтастығы аясындағы зерттеу қазақстандық кәсіпкерлердің цифрлық құралдарды пайдалану тәжірибесін зерделеуге және бизнесті дамытудағы жаңа мүмкіндіктерді анықтауға бағытталған.
Назира Бурханова