Бұрын шетелге шығуды жоспарлаған адам үшін басты міндет – әуе билетін алып, қонақүйді брондау болатын. Алайда бүгінде туристер үшін қауіпсіздік пен күтпеген жағдайлардан қорғану да сапардың маңызды бөлігіне айналды.
Туризм нарығында сақтандыру қызметтеріне сұраныс жыл сайын артып келеді. Freedom Travel компаниясының CEO-сы Игорь Бойконың айтуынша, саяхатшылар бұрынғыдай тек міндетті сақтандырумен шектелмей, қосымша қорғаныс құралдарын да жиі таңдай бастады.
Қазір нарықта рейстің кешігуі, багаждың жоғалуы немесе түрлі форс-мажор жағдайлардан сақтандыратын өнімдер кеңінен ұсынылады. Мұндай қызметтер туристердің күтпеген шығындарын азайтып, сапарды әлдеқайда сенімді етуге мүмкіндік береді.
Дегенмен индустриядағы өзгерістер мұнымен аяқталмайды. Компаниялар қазір сапардан бас тарту жағдайларына арналған жаңа сақтандыру өнімдерін әзірлеу үстінде. Егер бұл бастама жүзеге асса, белгілі бір себептермен ұша алмай қалған жолаушылар өз шығындарының бір бөлігін қайтарып алу мүмкіндігіне ие болады.
Халықаралық туризмдегі ең өзекті мәселелердің бірі – виза рәсімдеу. Көптеген адам саяхатқа дайын болғанымен, виза мақұлданбай қалуы мүмкін деген қауіп жоспарға өзгеріс енгізеді.
Осы кедергіні азайту мақсатында Freedom Travel виза рәсімдеу процесін цифрландыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Болашақта кейбір визаларды үйден шықпай-ақ онлайн рәсімдеу мүмкіндігі пайда болуы ықтимал.
Бұдан бөлек, компания виза беруден бас тарту тәуекелін жабатын сақтандыру өнімдерін енгізу мүмкіндігін де қарастыруда. Мұндай жүйе іске қосылған жағдайда, өтініші мақұлданбаған туристер белгілі бір шығындарын өтей алады.
Сарапшылардың пікірінше, туризм индустриясы жаңа кезеңге қадам басты. Қазіргі саяхатшы үшін билет пен қонақүй ғана емес, уақытын, қаражатын және жоспарларын қорғау да маңызды. Сондықтан алдағы жылдары сақтандыру қызметтері туризм нарығындағы ең қарқынды дамитын бағыттардың біріне айналуы әбден мүмкін.
Назира Бурханова