«Астана Операның» балет труппасы 12 және 13 қазан күндері Абай атындағы Қазақ ҰАОБТ сахнасында гастрольдік сапар аясында өнер көрсетпек. Алматылық көрермен қауымды «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратовамен жасалған Балет кештерінің мазмұнды да жарқын авторлық бағдарламасы күтеді.

- Бұл – «Астана Операның» Абай атындағы Қазақ ҰАОБТ сахнасындағы үшінші гастролі. Біз үшін осынау әйгілі сахнада өнер көрсету – әрдайым үлкен жауапкершілік. «Астана Опера» театры ұсынатын жаңа гала-бағдарлама алматылық көрермендердің жүрегінен ойып орын алады деген сенімдеміз. Труппамыздың көптеген солистері А.В.Селезнев атындағы хореографиялық училищенің түлектері болып табылады, әлбетте, олар өздерін қолдауға келген ұстаздарымен, сондай-ақ әріптестері және асқақ өнер бағалаушыларымен кездесуді асыға күтеді. Баршаңызды мәдени өмірдегі осы бір айтулы оқиғаны тамашалауға қуана шақырамыз, - деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.

Еске салар болсақ, 26-27 тамызда «Астана Опера» сахнасында Абай атындағы Алматы опера және балет театрының труппасы зор жетістікпен өнер көрсетті. Қос театрдың басшылығы елордалық труппаның Алматыдағы гастролін өткізу туралы келісімге келді. Гастроль ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің көмегімен өтеді.

Осылайша, балет кеші екі күнде де көрсетіледі, ол қос бөлімнен тұрады, алғашқысы – классикалық балеттерден па-де-де, заманауи отандық және шетелдік хореографтардың миниатюралары.

Л.Минкустың музыкасына М.Петипаның хореографиясындағы «Дон Кихот» балетінен Сыған биі жұртшылықты бейжай қалдырмайды. Бұл – балеттегі кіріспе нөмір, сондықтан ол гала-бағдарламаларға жақсы келеді, себебі көрермендермен толыққанды шығарма ретінде қабылданады. Бұдан бөлек, қазақстандық балет труппасының орындауында аталмыш балеттен Гран-па ұсынылмақ. А.Садықованың хореографиясындағы Steppe Sons «Қорқыт» мәнерлі шығармасы елордалық көрермендердің көңілінен шығып үлгерген, алайда оңтүстік астана тұрғындары үшін премьера болмақ. Ұлттық тақырыпқа арналған тағы бір нөмір – Қ.Шілдебаевтың музыкасына «Дала үні» балеті алматылық театр сүйер қауым үшін жаңалық болмақ, себебі аттас балеттің тұсаукесері бір жыл бұрын ғана Нұр-Сұлтан қаласында орын алды.

Екінші бөлімде Раймондо Ребектің хореографиясындағы «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» бір бөлімді балеті ұсынылады. Неміс хореографының балеті – түрлі сәттердегі уақыт туралы пәлсафалық толғау. Өмірдің сан алуан кездерінде Қазіргі сәт қанша уақытқа созылуы мүмкін? Ғашық жанға сүю сәті тоқтаусыз болып көрінер, ал махаббат азабы мәңгілік жадында сақталып немесе із-түзсіз өшуі мүмкін... Өмірдің азабын тартқан адамдар мен рахатын көргендер үшін уақыттың ағымы әрқалай сезіледі. Бүгін – бұл ертеңгі күн үшін Өткен шақ, себебі қазір ғана орын алған жайт әп-сәтте кешегіге айналады.

Р.Ребектің балетінде бишілердің үш жұбы адам өмірінің әр кезеңін бейнелейді. Дарынды хореограф уақыт ағымы мен оны сезіне білу мәселелерін хореографиялық әдістер арқылы зерттеуге бірегей талпыныс жасайды.

Әртістер залдарда дайындалып, тәлімгерлерімен бағдарламаның соңғы сәттерін пысықтауда. Атап айтқанда, Әйгерім Бекетаева, Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, Әнел Рүстемова, Арман Уразов, Олжас Тарланов, Рүстем Сейітбеков, Серік Нақыспеков, Шұғыла Әдепхан, Сұлтанбек Ғұмар, Анастасия Заклинская, Айбар Тоқтар, Далер Запаров, Еркежан Жүнісова, Мөлдір Шәкімова, Наталья Кондя, Қуат Кәрібаев, Бақытгүл Испанова, Данияр Жұматаев, Аделина Төлепова және т.б. балет әртістері өз өнерлерін ортаға салады.

Сондай-ақ балет кеші «Астана Опера» сахнасында 5 және 6 қазан күндері сағат 19:00-де ұсынылады.