Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2023 жылдың 14 ақпанында сағат 11:00-де Қазақ телевизиясының 65 жылдығына арналған «Қазақ телевизиясының 65 жылдығы: таспадағы тарих» атты көрме іс-шарасы өтеді.
1958 жылдың 8 наурызы күні Қазақ телевизиясының қара шаңырағы дүниеге келген. Алматы студиясы арқылы алғашқы сигнал бүкіл елге хабар таратты. Бұл ел тарихындағы елең еткізер жаңалық болды. Тарихи деректерге сүйенсек, тұңғыш қазақ телеарнасының тырнақалды хабарын республика көрермендері 4100 теледидардан тамашалаған. Желтоқсан айынан күнделікті 5 сағаттық хабар беріле бастады. 1970-жылдары телебайқаулар дүниеге келіп, 1980-жылдары ток-шоулармен толыққан. Осы жылдар ішінде телеарна сан түрлі өзгерістерді бастан кешірді. Алғашқы кассеталы ауыр камералар мен сымы бар микрофондардың орнына сан қырлы техникалық мүмкіндігі бар цифрлық телевизия келді. Біртіндеп облыстық телестудиялар да өз жұмыстарын бастап, жергілікті халықты сапалы ақпаратпен қамтамасыз еткен. Ұлттық арнамыз 2011 жылдың қыркүйек айынан бері 100 пайыз қазақ тілінде хабар тарата бастады.
«Қазақ телевизиясының 65 жылдығы: таспадағы тарих» тақырыбындағы көрмеде 30-дан аса музейлік зат қойылады. Атап айтар болсақ, жазу машинкаларының, телефон және телеграф, теле, радиоқабылдағыш құрылғыларының алғашқы үлгілерімен қатар қазіргі заманда күнделікті қолданыстан шыға қоймаған үлгілері де көрсетіледі.
Көрмеге қойылған жазу машиналарының арасында 1933 жылы Германияда шығарылған «Mercedes» механикалық жазу машинасының алатын орны ерекше.
Көрмеге сымды телеграф арқылы ақпарат таратуға арналған «Морзе» аппаратының бірнеше үлгісі қойылады. Бастапқыда корреспонденттік желілер телеграф арқылы қарапайым хабарламаларды жіберген болса, кейіннен газеттер мен телевизия арқылы жаңалықтарды жіберіп отырған.
Бүгінде заман талабына сай техникалармен жабдықталған төл арнамыз 2012 жылы «Қазмедиа» орталығына көшті. Алматы мен Астана қалаларындағы студиядан түрлі жастағы көрерменге арналған жаңалықтар мен түрлі жанрдағы бағдарламалар, мемлкеттік тілді дамытуға негізделген 40-тан астам жобалар көрерменге жол тартып отырады. Еліміздегі ең ірі медиақұрылымның қарамағындағы 4 республикалық, 15 аймақтық, 4 радио және 20-дан астам интернет портал кіреді. НD форматқа толықтай көшкен телеарнаны әлемнің әр түпкірінен онлайн көруге болады. Тамыры тереңге жайылған Ұлттық арна 65 жылда осындай кезеңдерді бастан өткерді.