Қазақстандық киберқауіпсіздік саласының мамандары Мәскеуде өткен Positive Hack Days халықаралық киберфестивалінде жоғары нәтиже көрсетіп, үздік үштікке енді. Standoff атты кибершайқаста олар 127 466 ұпай жинап, екінші орынды иеленді және 10 000 АҚШ доллары көлеміндегі жүлдені жеңіп алды.
Standoff — ақпараттық қауіпсіздік мамандарына арналған халықаралық жарыс. Биылғы шараға 31 шабуылдаушы және 12 қорғанушы команда қатысты. Қатысушылардың қатарында студенттер, әуесқойлар және жетекші ІТ-компаниялардың кәсіби өкілдері болды. Төрт күн ішінде 383 маңызды шабуыл сценарийі орындалды.
Фестивальге 41 елден делегациялар қатысты. Қатысушылар цифрлық егемендік, жасанды интеллект, фишингке қарсы қорғаныс және мобильді қосымшалардағы қауіпсіздік мәселелерін талқылаған 270-ке жуық баяндама, түрлі техникалық тректер мен форумдарға қатысты.
Қазақстан атынан фестивальге қатысқан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Абдикаликов баяндама жасады. Ол Қазақстанда енгізілген мемлекеттік багбаунти бағдарламасының іске асу барысымен бөлісті.
– 2022 жылы багбаунти бағдарламасын пилоттық режимде бастадық. Екі жыл ішінде заңнамалық кедергілерді еңсеріп, ақ хакерлердің қызметін заңдастыруға қол жеткіздік. Қазір бұл — тиімді жұмыс істеп тұрған жүйе. Ол жастарға оң жолды таңдауға және мемлекетке көмектесуге мүмкіндік береді, — деді Руслан Абдикаликов.
Багбаунти — мемлекеттік цифрлық жүйелердегі осал тұстарды анықтап, олар туралы хабарлаған зерттеушілерге сыйақы беруге бағытталған заңды механизм. Бұл модель қауіпсіздік деңгейін арттыруға және кәсіби ақ хакерлер қауымдастығын дамытуға көмектеседі.
Positive Technologies компаниясының айтуынша, Standoff жарысы — баршаға ашық халықаралық платформа.
– 2025 жылы біз 18 елден келген қатысушыларды қарсы алдық. Бұл — жарыстың жаһандық ауқымын көрсетеді. Қазақстандық командалар үнемі жоғары дайындықпен қатысады. Олар жарыстардан алған білімдерін елдің цифрлық инфрақұрылымын қорғау ісінде тиімді қолдана біледі, — деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Фестиваль туралы толығырақ ақпаратты phdays.com сайтынан табуға болады.
Назира Бурханова