Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде 2026 жылдың 23 қараша күні сағат 15.00-де «МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТАР ӘЛЕМІ» атты көрме ашылады. Көрмеде Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі қоры негізінде көптеген әлем халықтарының ұлттық музыкалық аспаптарының үздік үлгілері ұсынылады. Көрме Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейімен бірлесіп өткізіледі.
Музыкалық аспаптар – халықтардың материалдық және материалдық емес мәдени мұрасының маңызды құрамдас бөлігі. Олардың пішінінде, құрылымында, жасалу материалдары мен технологиясында әртүрлі этностардың тарихи тәжірибесі, эстетикалық талғамы, дүниетанымы мен көркемдік дәстүрлері көрініс тапқан. Музыкалық аспаптар музыкалық ойды жеткізу құралы ғана емес, сонымен қатар әр халықтың ұлттық мәдениетінің өзіндік ерекшеліктерін танытып, оның құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші рухани мұра.
Көрменің мақсаты – әлем халықтарының музыкалық мұрасын насихаттау, дәстүрлі мәдени құндылықтарды сақтау және жаңғырту, келушілердің ұлттық музыкалық дәстүрлердің сан алуандығы туралы түсінігін кеңейту.
Көрме келушілерді қазақ халқының дәстүрлі музыкалық аспаптарымен қатар, ұйғыр, өзбек, қырғыз, орыс, итальян, қытай және басқа да халықтардың музыкалық аспаптарымен таныстырады. Көрме жобасы екі музейдің қор коллекцияларындағы музейлік заттарды біріктіріп, әлемнің көптеген елдері мен халықтарының музыкалық мәдениетінің алуан түрлілігін танып-білуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар көрме аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің интерактивтік-эксперименттік қоры негізінде қазақтың ұлы тұлғалары – Абай Құнанбайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Дина Нұрпейісова және басқа да көрнекті тұлғаларға тиесілі домбыралардың дәлме-дәл көшірмелері интерактивтік кеңістікте ұсынылады.