Астананың көктемгі репертуарында Шара Жиенқұлова атындағы VI Республикалық қазақ биі конкурсы қызықты оқиға болмақ.
Аты аңызға айналған қазақ бишісінің есімімен аталатын конкурс көпшілікке танымал болып келеді. Биыл би форумына қатысуға 40-қа жуық өтінім берілді. Қатысушылар арасында солистер, Қазақстанның барлық өңірлерінен танымал және жас би ұжымдары бар, олардың репертуарында қазақ биінің бейнесі айқын көрініс тапқан.
Шара Жиенқұлова атындағы VI Республикалық қазақ биі конкурсын Қазақ ұлттық хореография академиясы екінші рет өткізеді. Қазылар алқасының құрамында биылғы жылы ҚазКСР Халық әртісі Талпақова Гүлжан Ізімқызы (қазылар алқасының төрағасы), Әзірбайжан Республикасының Халық әртісі Мурадова Тарана Гусейнқызы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Авахри Мукарам, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Есекеев Абдрасул Нәжімеденұлы бар.
Биылғы жылы осы бағдарламаның көрермендері мен қатысушыларының назарына Шара Жиенқұловаға арналған бірегей фотоальбомның тұсаукесері ұсынылады: кітапта ұлы бишінің сирек кездесетін фотосуреттері берілген, ал QR кодтары Қазақ ұлттық хореография академиясында 2016-2022 жылдар аралығында қойылған билердің бейнежазбаларын жаңғыртуға мүмкіндік береді. VI конкурстың бағдарламасы Анвара Садыкова мен Алмат Шәмшиевтің шеберлік сыныптарымен, Ш. Жиенқұлова шығармашылығының ізбасарлары – белгілі педагог және ғалымдар К.Н. Бейсенова мен Т.О. Ізімнің дәрістерімен, қазақ биінің алдыңғы бес байқауының материалдар көрмесімен қызықты.
Бұл кездесулер Қазақ ұлттық хореография академиясында өтеді. Ұжымдар мен солистердің қойылымдары, қазақ биінің Гала-концерті «Астана Балет» театрының сахнасында өтеді.
Шара Жиенқұлова атындағы VI Республикалық қазақ биі конкурсы қарсаңында хореографиялық өнер қауымының мәдени іс-шараны асыға күтетіні белгілі: конкурс көрермендерді заманауи репертуармен және ұлттық бидің даму үрдістерімен, хореографтардың жаңа ізденістерімен таныстырады, жарқын орындаушыларды анықтауға, шығармашылық жетістіктермен және кәсіби тәжірибемен алмасуға мүмкіндік береді.