Бүгін Almaty Hub-та кәсіпкерлерге арналған Small Business Growth Academy білім беру бағдарламасының алғашқы практикалық сессиясы өтті. Бағдарлама Meta және Astana Hub бастамасымен, Meta-ның жергілікті серіктесі CoobX-тың қатысуымен, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің Цифрландыру басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Бағдарлама шағын және орта бизнес өкілдерінің цифрлық және AI-құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ заманауи технологияларды бизнесті ілгерілету, клиенттерді тарту, контент жасау және бизнес тиімділігін арттыру үшін практикалық тұрғыда қолдануға бағытталған.

Алғашқы сессия барысында қатысушылар Meta өнімдерінің мүмкіндіктерімен және цифрлық маркетингтің заманауи құралдарымен танысты. Сарапшылар Meta жарнама аукционының жұмыс істеу қағидаттары, жарнама форматтары мен креативтері, жарнамалық кампаниялардың тиімділігін арттыру тәсілдері, сондай-ақ Reels, Threads және Partnership Ads мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Сондай-ақ жасанды интеллект пен маркетингке арналған цифрлық құралдарды пайдалану мәселелеріне, практикалық кейстерге және жаңа технологияларды бизнестің күнделікті жұмысында қолдану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Нұрқанат Сабитұлы, Алматы қаласы әкімдігінің Цифрландыру басқармасының басшысы:

«Алматы — кәсіпкерлік белсенділігі жоғары қала. Біздің міндетіміз — жергілікті бизнестің өсуі мен дамуы үшін заманауи цифрлық шешімдерді тиімді пайдалануына жағдай жасау. Сондықтан Small Business Growth Academy сияқты бағдарламалар Алматы кәсіпкерлері үшін аса маңызды: олар халықаралық сарапшылардан практикалық білім алып, оны бірден өз бизнесінде қолдана алады».

Айнур Есбосынова, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары -Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің халықаралық бизнес және PR жөніндегі кеңесшісі:

«Министрлік Қазақстанда цифрлық және AI сауаттылықты арттыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдайды. Шағын және орта бизнес өкілдерінің технологиялық өзгерістерді бақылап қана қоймай, оларды тиімділікті арттыру, өсім мен жаңа нарықтарға шығу үшін пайдалана білуі аса маңызды. Біз Meta-дағы әріптестерімізбен мұндай бағдарламаны іске қосу мүмкіндігін жыл басында талқылаған едік. Сондықтан бүгінде бұл идеяның ұзақмерзімді білім беру бастамасына айналғанын көру біз үшін ерекше қуанышты».

Бағдарламаның маңызды алаңдарының бірі - кәсіпкерлерді, технологиялық қауымдастықты және халықаралық серіктестерді біріктіретін Almaty Hub.

Аида Дусова, Almaty Hub директоры:

«Біз өз рөлімізді кәсіпкерлерді бизнестің өсуіне көмектесетін технологиялармен, сараптамамен және мүмкіндіктермен байланыстырудан көреміз. Алматы — елдегі ең ірі кәсіпкерлік орталық, сондықтан заманауи цифрлық құралдарға қолжетімділікті тек технологиялық компаниялар үшін ғана емес, шағын және орта бизнес үшін де қамтамасыз ету маңызды. Small Business Growth Academy - кәсіпкерлерге жаңа білім мен құралдарды бүгіннің өзінде тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін практикалық қолдау».

Meta тарапынан бағдарлама кәсіпкерлердің практикалық дағдыларын дамытуға және компанияның цифрлық құралдарын бизнесті дамыту үшін тиімді пайдалануға бағытталған.

Сенура Абейвардена, Meta-ның Орталық Азия, Моңғолия, Шри-Ланка және Мальдив аралдарындағы мемлекеттік және қоғамдық саясат жөніндегі бөлімінің басшысы:

«Биыл Small Business Growth Academy бағдарламасын Қазақстанда іске қосып отырғанымызға қуаныштымыз. Бағдарлама бизнеске Meta өнімдері мен сервистерін тиімді пайдалануға қажетті білім мен құралдарды ұсынуға, нәтижелілігін арттыруға және цифрлық экономика жағдайында тұрақты дамуына мүмкіндік беруге бағытталған».

Бағдарламаның іске қосылуындағы маңызды бағыттардың бірі - халықаралық серіктестердің, соның ішінде Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының қатысуы болды. Олардың қатысуы цифрлық трансформация, кәсіпкерлікті дамыту және Қазақстан мен АҚШ арасындағы тәжірибе алмасу салаларындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап көрсетті.

Питер Кауфман, Қазақстандағы АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы:

«АҚШ Үкіметі Қазақстанның цифрлық трансформациясын қолдауға және екіжақты экономикалық әріптестікті одан әрі дамытуға бейілді. Бұл тек Кремний алқабының озық тәжірибелерімен алмасу туралы емес. Бұл - АҚШ пен Қазақстан арасындағы коммерциялық байланыстарды нығайтып, екі елді де цифрлық болашаққа дайындайтын өзара тәжірибе алмасу».

Small Business Growth Academy бағдарламасы бес практикалық воркшоптан тұрады. Бағдарлама барысында кәсіпкерлер Meta құралдарымен және нақты бизнес міндеттерін шешуге арналған заманауи AI-шешімдермен кезең-кезеңімен танысады. Оның ішінде контент жасау мен ілгерілетуден бастап, клиенттермен коммуникация орнату және маркетинг тиімділігін арттыруға дейінгі бағыттар қамтылады.

Small Business Growth Academy бағдарламасы Алматыда алдағы бірнеше апта бойы жалғасады. Келесі сессиялар кәсіпкерлер күнделікті жұмысында тікелей қолдана алатын практикалық құралдар мен тәсілдерге арналады.