22-23 сәуірде «Астана Балет» театры Ақтөбеге гастрольдік сапарын өткізіп, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының сахнасында өнер көрсетеді. Астаналық ұжым ақтөбелік көрермен назарына Айнұр Әбілғазинаның «Триумф» хореографиялық миниатюрасы мен Рикардо Амарантенің «A Fuego Lento» неоклассикалық балетін тарту етпек.
«Гастрольдік бағдарлама театрымыздың классикалық және неоклассикалық репертуарынан құралды. Басты міндетіміз – ақтөбелік көрерменнің жүрегін баурап алу. Сондықтан, өнерімізді жоғары деңгейде паш ету үшін барымызды саламыз. Әртістеріміз бен күллі шығармашылық тобымыздың өнері жергілікті көрерменнің көңілінен шығып, жадында ұзақ сақталып қалады деп үміттенеміз», - деген ойымен бөлісті, «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.
Кештің бірінші бөлімінде Петр Чайковскийдің музыкасына хореограф Айнұр Әбілғазина қойған «Триумф» хореографиялық миниатюрасы көрсетіледі. Хореографтың айтуынша, бұл – классикалық биді мадақтаған дастан деуге тұрарлық. Он бес минуттық қойылым күрделі қимылдар тізбегі іспетті. Әртістер неоклассика, контемпорари, модерн немесе түп негіз – классикалық балет сынды жанрлардың кез-келгенін еркін меңгергенін тағы бір дәлелдеп шықты.
«Айнұрдың көркемдік талғампаздығын ерекше атап өткім келеді. Полифониялық, күрделі музыканы жас хореографтардың екінің бірі таңдамайды. Менің ойымша, өз хореографиясында ол музыкадағы көңіл-күйді жеткізе білді. Батыл, ерекше дарынды жастарымыз үшін дән ризамын», – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлила Әлишева.
Сонымен қатар, кеш бағдарламасында –Лало Шифрин, Астор Пьяццолла, Карлос Гардель, Саё Косуги музыкасына Рикардо Амаранте қойған «A Fuego Lento» («Баяу жалын») неоклассикалық туындысы көрсетіледі. Балетмейстер махаббат сезіміне алғаш еліткен шақта түрлі күйге бөленіп, қуаныш сезімі тәніңізді жаулап, құштарлық сезімі ішіңізде жалындай лаулаған албырт сезімді суреттейді. Сахна костюмдерінде саналы түрде минимализм таңдалып, көңіл-күй мейлінше ашық көрсетіліп, ең әуелі, әртістердің орындаушылық шеберлігіне баса назар аударылған. «A Fuego Lento» - әр сахнасы танго ырғағындағы буырқанған сезімді суреттейтін балет.
«Шығармашылық ұжымның жаны көрініс тапқан өнер әрқашан сұранысқа ие болатынына сенімдіміз. Біздің театрымыз үшін көрермендеріміздің ыстық ықыласы, зор қошеметі аса қымбат. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі көрермен қауымның біздің шығармашылығымызды қалт жібермей қадағалап отыратыны да бізге қанат бітіреді», - деп ойын қорытты «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.