Ағымдағы жылдың, 12 қаңтары күні, сағат 15.00-де ҚР Мемлекеттік орталық музейінде екі бірдей монографиялық еңбектің тұсаукесері өтеді.

  1. Атыгаев Н. Казахское ханство: очерки внешнеполитической истории XV-XVII веков. Алматы: Евразийский научно-исследовательский институт МКТУ им. Х.А. Ясави, 2023: 225 с.
  2. Петров П.Н., Атыгаев Н.А., Белтенов Ж.М. Деньги на «Шелковом пути» (территория Казахстана, XIII-XIV вв. Алматы: ЦГМ РК, – 400 с., ил.

1. Ұжымдық монография қазіргі Қазақстан аумағы арқылы өткен керуен жолдарында орналасқан XIII-XIV ғасырлардағы елді мекендердің монета айналымы мен монета ісі негізінде «Жібек жолы» трассаларының белсенділігін зерттеуге арналған. Кітап 3 тараудан тұрады, оның біріншісі «Жібек жолы» трассаларын қысқаша шолуға арналған. Екінші тарау XIII-XIV ғасырларда қазіргі Қазақстан аумағында соғылған Ұлы Моңғол империясы, Алтын Орда және Шағатай хандығы монеталарының каталогын қамтиды. Үшінші тарауда «Жібек жолы» трассаларындағы басты логистикалық орталықтардағы ақша айналымы талданады. Нумизматикалық материалдар жинақтаған авторлар тарапынан монографияға Қазақстан аумағындағы «Жібек жолының» барлық сауда орталықтарын кіргізу мүмкін болмады. Басылымда монеталар бейнеленген 63 фотокесте, зерттелген археологиялық нысандардың кескіндері (көріністері), көптеген кестелер мен графиктер берілген.

Кітап тарихшы мамандарға, археологтарға, нумизматтарға, өлкетанушыларға, сондай-ақ, мамандандырылған жоғары оқу орындары мен басқа да оқу орындарының студенттеріне арналған.

Монография 2021-2023 жж. атқарылған «Ұлы дала тағдырындағы Алтын Орда және Шағатай мемлекеті нумизматикалық деректер бойынша (XIII-XIV ғғ.)» ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландыру жобасы аясында жарық көрді.

2. ҚР Мемлекеттік орталық музейінің жетекші ғылыми қызметкері, профессор Н.Ә. Атығаевтың монографиясы XV-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығының сыртқы саяси тарихына арналған. Автор мұсылман және еуропалық авторлардың ортағасырлық тарихи және тарихи-географиялық еңбектеріндегі мәліметтерге, ресейлік мұрағат қорларындағы материалдарға, қазақ ауыз әдебиеті деректеріне және зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, Қазақ хандығының көршілес мемлекеттермен және халықтармен, Моғұлстан, одан кейін Моғұл мемлекетімен, Орта Азияда билік еткен Шибанидтер мен Аштарханидтер әулеттерімен, Ноғай Ордасымен, қалмақтармен (жоңғарлармен), қырғыздармен және Орыс (Мәскеу) мемлекетімен саяси байланыстарын қарастырады. Сондай-ақ, автордың зерттеу нысандары аясында отандық тарихнамада бұрын аз зерттелген Қазақ хандығының Сефевидтік Иранмен, Осман империясымен қарым-қатынастары және қазақ-үнді байланыстары да қамтылды. Кітап очерктер түрінде жазылған және қалың оқырманға арналған.

Монография Х.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразиялық зерттеу институтының ERI/2018-011 жобасы аясында жарық көрді.