Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 2024 жылдың 3 сәуір күні сағ. 15.00-де Геологтар күніне орай алғаш рет музей қорындағы геология коллекциясы негізінде «Қазыналар әлеміне саяхат» көрмесі ашылады.
Көрменің мақсаты – Геологтар күні қарсаңында Орталық музей қорындағы қойнауы асыл қазынаға толы Отанымыздың табиғи ресурстарын көрсету және оның әр алуандығын насихаттау арқылы жастардың ұлттық геологияны зерттеп, дамытуға деген қызығушылығын арттыру.
Көрме экспозициясына Қазақстан территориясындағы кен орындарынан, атап айтқанда, Жезқазған, Соколов-Сарыбай, Қаражанбас, Текелі, Қарағанды, Риддер, Жезді, Зырян, Тасқайнар және басқа да кен орындарынан алынып, 1935 жылдан 2011 жылға дейін музей қорына жинақталған 1253 сақтам бірлікті құрайтын геологиялық материалдардан іріктелген, ғылыми маңыздылығы жоғары әрі келушілердің қызығушылығын оятатын жәдігерлер, атап айтқанда, алтын дақтары бар кварц, топаз, аметист, халцедон сияқты жартылай бағалы тастар, малахит, флюорит, жадеит, азурит, циркон, нефрит, яшма, агат, нефрит, чароит және басқа да минералдар мен обсидиан, антрацит, грейзен, торф сияқты тау жынысының үлгілері қойылады.
Қазақстан – жер шарында территориясының көлемімен ғана емес, табиғи ресурстарымен де танымал. Оның қойнауынан Менделеев кестесіндегі 118 элементтің 99-ы анықталған. Дүние жүзіндегі жетекші елдер ғалымдарының бағалауы бойынша Қазақстан табиғи ресурстар – мұнай, газ, титан, магний, қалайы, уран, алтын және басқа да түсті металдар қоры жағынан әлемде алтыншы орында тұр. Ал вольфрам өндірісі мен қоры бойынша бірінші, хром және фосфор кендері қоры бойынша екінші, қорғасын мен молибден бойынша төртінші, темір рудасының жалпы қоры бойынша сегізінші орында.
Геология жер қойнауына дендеп еніп, Жер-Ананың тылсым сырларына қанығудың, жаңалықтарды ашудың бірден-бір мүмкіндігі. Қазақстан геологиясының даму тарихы Қ.И. Сәтбаев, Ж.А. Айталиев, А.Қ. Қайыпов сынды отандық ғалымдардың есімімен тығыз байланысты. Бүкіл қоғам үшін қажетті ресурстарды іздеу, барлау және өндірумен шұғылданатын ғалымдардың ерен еңбегі нәтижесінде қазіргі таңда 6000 пайдалы қазба орындары ашылған. Олар ел экономикасын дамытудың негізгі көздері және әлемдік нарықта да маңызды рөл атқарады. Пайдалы қазбалар бүгінде энергия көзі ғана емес, сонымен қатар әртүрлі қорытпаларды, құрылыс материалдарын, химиялық заттарды және біздің күнделікті өмірімізге өте қажет басқа заттарды өндіруге арналған шикізат ретінде пайдаланылады.