Дауылпаз күйшілер мен дүлдүл домбырашылар арқылы бүгінге жеткен күй өнері – қазақтың асыл қазынасы. Осынау киелі өнер дарыған біртуар тұлғалардың бірі де бірегейі – Қали Жантілеуов. Рухани қазынамыздың өрісін кеңейтуге ерен үлес қосқан күйші кезінде әйгілі академик Ахмет Қуанұлы Жұбановпен бірге бүгінде іргелі ұжымға айналған Құрманғазы атындағы оркестрдің іргетасын қалауға атсалысып, Құрманғазы атындағы консерваториясында дәріс берген.

Ағымдағы жылдың 20 маусым күні, 15.00-де ҚР Мемлекеттік орталық музейінде күйші, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтың  жеке кешенініндегі экспонаттар негізінде «КҮЙ ДӘСТҮРІНІҢ ШЕЖІРЕСІ» көрмесінің ашылуы   өтеді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің Қали Жантілеуовтың өмірі мен шығармашылығына  арналған  көрмесінде қала тұрғындары мен қонақтарының назарына күйшінің жеке заттары, фотоматериалдар, мақалалар, жинақтар мен кітаптары, марапаттары ұсынылады.   

Осыған орай ұйымдастырылатын іс-шараға  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі ұжымы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның  қызметкерлері және белгілі мәдениет қайраткерлері арнайы шақырылды.