2025 жылдың 11 желтоқсанында сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық Орталық музейі (бұдан әрі- ҰОМ) «Дала өрнектерімен өрілген метал бұйымдар» көрмесін өткізеді.
Торевтика – металл бұйымдарды көркемдеп, рельефті өңдеуге негізделген қолданбалы өнер. Зерттеулер барысында белгілі болғандай аталмыш техника алтын, күміс бағалы және қола, темір, мыс тәрізді түсті металл бұйымдарын әсемдеуде қолданылғанымен, ең кең таралғаны – мыс, өйткені оның физикалық қасиеттері (жұмсақтық, созылмалылық) және құнының арзандығы материалды өңдеуге тиімді болды.
Металл бұйымдарындағы бейнелеу мотивтері мен семиотикалық элементтер тарихи-мәдени кезеңдердегі идеологиялық және мәдени трансформацияларға сәйкес өзгеріп отырды. Олар қоғамның әлеуметтік құрылымы мен дүниетанымдық ұстанымдарын нақты бейнелей отырып, өздерінің ішкі тарихи эволюциясын қалыптастырды.
Көрмеге алғаш рет ҚР Ұлттық Орталық музейінің археология қорынан сәндік металлдан безендірілген бұйымдар қойылады. Бұл артефактілер көшпелі және қалалық мәдениеттің материалдық және рухани дәстүрлерінің әр қилы аспектілерін көрсетеді. Артефактілер негізінен археологиялық экспедициялар, «көмбелерден» және кездейсоқ табылған олжалар.
Экспозициялық материал бірнеше ақпараттық кешендер түрінде ұсынылады:
I. Қола кезеңіндегі (б.з.д. XIII–Xғғ.) сәндік метал бұйымдар. Бұл бөлімде қыз-келіншектердің әшекей бұйымдары: білезіктер, сырғалар, алқа және солярлық белгімен безендірілген шытыралар, айналар ұсынылады. «Күн бейнелері» (лунарные) ежелгі кезеңнен бастап әлем мәйегі және космостық жоғарғы әлем деген түсініктерімен сабақтас. Қола кезеңінде шеңбер ішіндегі свастика – бұл күнге қатысты символдар, дәстүрлі түрде от (жерлік және аспандық) белгілерімен байланыстырылады.
ІІ. Ерте темір дәуіріндегі көркем металл бұйымдар б.з.д. VIII – б.з. V ғ. Сақ тайпалары скиф-сібір «аң стилінің» қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Бұл стиль әлемдік өнер тарихындағы ең жарқын құбылыстардың бірі саналады. Аталмыш құбылыс бейнеленбейтін стилизацияның одан әрі дамуына кең мүмкіндік ашты. «Аң стилі» ежелгі көшпелілердің дүниетанымдық идеологиясына бағынған мифтік және магиялық жүйемен сабақтас еді. Экспозицияда ғұрыптық бұйымдар, қазан әшекейлері, белдік әшекейлері және т.б.
ІІІ. Ортағасырлық сәндік металл бұйымдар VI–XIV ғғ. Ортағасырдағы көркемделген металл Орталық Азия көшпелілерінің рухани дүниетанымы мен әлеуметтік мәртебесінің көрінісі; ол мифология, эпос, діни наным-сенімдік ұғымның, түркі мәдениетінің VI–XIII ғғ. өнерін зерттеудегі маңызды дерек көзі. Металдан сәнделіп жасалған бұйымдар өзінің пішімі және безендірілуі жағынан өнердің көрсеткіші. Экспозицияның бұл бөлігінде Зевакино, Бобров обаларынан атабылған белдік әшекейлері, сондай ақ, ат әбзелдері, ыдыс аяқ, шырағдандар, қола айналар және т.б. бұйымдарды көре аласыз.
IV. Жеке коллекция (б.з.д. VIII – б.з. XII ғ.). Көрмеде Жетісу аймағындағы ежелгі және ортағасырлық тұрғындарының мәдени дәстүрлері, эстетикалық талғамдары мен діни дүниетанымы туралы түсінік беретін бірегей артефактілер (жердің жоғарғы бетінен алынған материалдар) ұсынылады. Аталмыш материалдарды өлкетанушы, тәуелсіз зерттеуші, кәсіби археологтармен бірге еңбек етіп жүрген Антон Шатохин жинаған. Олар ерте темір дәуірі (б.з.д. VIII – б.з. V ғ.), ортағасырларға (VII–XII ғғ.) жататын көркемделіп безендірілген металл бұйымдар.
Көрменің мақсаты қола дәуірінен этнографиялық кезеңге дейінгі металл өнерінің әр алуан үлгілерін көрсету арқылы мәдени мұраның сабақтастығын таныту; металл өңдеу техникасы мен өнерінің тарихи дамуын ғылыми тұрғыдан жүйелеу; көрерменді металл-сәндік дәстүрлерінің мәдени, діни және әлеуметтік құрылымдармен өзара байланысын түсінуге жетелеу.