Ең көп талқыланған MŪNAI сериалы көрерменге әлі де ой салып келе жатыр. Жетінші бөлімде көптен күткен сәт — үйлену тойы өтеді.

Эпизодтың басты жаңалығы – қазақ сахнасының патшайымы Роза Қуанышқызымен шығармашылық әріптестік. «Жездеке» әні жай ғана саундтрек емес, сол бөлімдегі кейіпкерлердің сезімін дөп жеткізген әуен.

Сән де, музыка да — уақытпен бірге қайта жаңғырып отыратын құбылыс. 80-жылдардың соңындағы бұл хит бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтпай, тыңдарманға жаңа қырынан ашылды.

Роза Қуанышқызы үшін тоқсаныншы жылдар — шынайы сезімге, түбегейлі өзгерістерге және тыңдарманмен ерекше рухани байланысқа толы дәурен. Сол кезеңде туған әндер тойларда, әрбір шаңырақта, көшелерде де әлі күнге дейін шырқалып, талай отбасының жан жылытар естеліктеріне айналған.

Роза Қуанышқызы Рымбаева:

«“Жездеке” әні мен үшін қашан да жүрегіме жақын ән болды. Бұл жай ғана көңілді той әні емес — ол отбасыға деген құрметті, жылулықты және тоқсаныншы жылдарға тән шынайы сезімді жеткізеді. Мен бұл әнді талай шараларда орындадым. Бұл ән буындарды біріктіретін туынды. Сол себепті, уақыт өтсе де өзінің мәнін жоғалтпайды деп есептеймін.

MŪNAI сериалындағы оқиға желісі маған аса жақын болмаса да, ол көрерменді бізді қалыптастырған тоқсаныншы жылдарға қайта жетелейді. Сонымен қатар актерлердің шебер ойынын ерекше атап өткім келеді.»

MŪNAI сериалында «Жездеке» әні өткен мен бүгінді жалғаған музыкалық көпір іспетті естіліп, отбасы, сыйластық пен бірге өткізген сәттердің қуанышы секілді мәңгілік құндылықтарды айқындай түседі.

Үйлену тойына арналған бөлімдегі құпия мен оқиға желісі ашылғанымен, эпизодтың басты мәні өзгермейді: тоқсаныншы жылдардың музыкасы мен мәдени коды әлі де буындарды біріктіріп, көрерменге шабыт сыйлайды. Ал бұл ән сериалдың келесі бөлімдерінде тағы талай мәрте шырқалатыны сөзсіз.