Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі Қазақстандағы Эстония Елшілігінің қолдауымен Эстонияның Ұлттық музейі (ENM) дайындаған «Қолмен өрілген қолғап сыры» атты жаңа жылжымалы көрмені ұсынады.
Көрме келушілерді эстон мәдениетінің ең танымал әрі поэтикалық қырларының бірі – қолғап тоқу дәстүрімен таныстырады. Қолғаптар ғасырлар бойы солтүстік климат жағдайында күнделікті тұрмыс қажетіне ғана емес, сонымен қатар сұлулыққа, шеберлікке және халық жадындағы рухани дәстүрлерге деген құрметтің символына айналған.
Көрменің тұжырымдамасы «Тілек ағашы» идеясынан алынған, онда қолғаптар ағаштың «жемістері» іспетті – иесінің жан дүниесімен қолының жылуын сақтайды.
Экспозицияда Орта ғасырлардан бүгінгі күнге дейінгі үлгілерден шабыт алатын бұйымдар ұсынылады. Олардағы әрбір өрнек пен қолданылған түс өз дәуірі мен аймақтық ерекшеліктерінен сыр шертетін шебердің жеке туындысы.
Көрмеде қойылған жұмыстар Эстон ұлттық музейінің түпнұсқа коллекцияларына сүйене отырып, Тарту университетінің Вильянди мәдениет академиясымен бірлесіп жасалған артефактілердің көшірмелері. Жобаның мақсаты – халық қолөнерін сақтау мен насихаттау, дәстүрлі әдістерді зерттеу және кәсіби шеберлікті дамыту.
«Қолмен өрілген қолғап сыры» жылжымалы көрмесі бұған дейін Венгрия, Нидерланд, Франция, Бельгия, Болгария, Грекия және Эстония елдерінде көрсетіліп, енді қазақстандық көрермендерге жол тартып отыр.
Екі ел де жыл мезгілімен, қолөнер шеберлігі және мәдени мұраға деген құрметімен ерекшеленеді.
Көрменің ашылуы: 19 қаңтар, сағат 16.00.
Көрменің жұмыс істеу мерзімі: 2026 жылғы 19 қаңтардан 11 ақпанға дейін.
Куратор: Реэт Пиири (Эстон Ұлттық музейі)
Дизайн және графика: Мерике Тамм
Продюсер: Кристьян Раба (Эстон Ұлттық музейі)
Эстон ұлттық музейі – этнология және мәдениет тарихы саласындағы халықаралық деңгейде мойындалған ғылыми орталық. Музей эстон халқы мен фин-угор халықтарының тұрмысы мен дәстүрлерін таныстырады. Музей қорында шамамен 120 000 экспонат бар, олардың басым бөлігі www.muis.ee сайтында онлайн түрде қолжетімді.
2016 жылы ашылған заманауи музей ғимараты зертханалармен, қор сақтау және ғылыми кеңістіктермен жабдықталған. Эстон ұлттық музейі ғылыми зерттеу, көрме және ағартушылық қызметті ұштастыра отырып, мәдени мұраны кең аудиторияға насихаттайды.
Мекен-ж.: Алматы қ., Самал-1, 44 үй.