2026 жылдың 3 ақпанында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында «XIX-XX ғасырлардағы еуропалық кескіндеме» көрмесінің ашылуы өтеді. Көрмеде еуропалық өнердің екі ғасырын қамтитын түрлі көркемдік мектептер мен бағыттардың көрнекті өкілдері саналатын шеберлердің жеке коллекцияларынан алынған 20-дан астам кескіндеме туындысы көпшілік назарына ұсынылады.
Көрме Қазақстандағы антикварлық өнер саласындағы ең ірі әрі беделді орталықтардың бірі – «Ампир» антикварлық салонынымен бірлесіп ұйымдастырылды. «Ампир» салоны көптеген жылдар бойы сәндік-қолданбалы өнер туындыларын, кескіндеме, фарфор, жиһаз және зергерлік бұйымдарды іздестірумен, атрибуциялаумен және көпшілікке таныстырумен айналысып келеді. Салон қызметі мәдени мұраны сақтауға, сондай-ақ бірегей жәдігерлерді еліміздің музейлік қорларына қайтаруға бағытталған.
Экспозиция XIX-XX ғасырлардағы еуропалық кескіндеменің академизм мен романтизмнен бастап импрессионизм мен модернге дейінгі негізгі бағыттарын қамтиды. Әрбір туынды тарихи-көркемдік анықтамамен толықтырылып, шығарманың жазылған кезеңін, авторлық мәнерін және түс, пішін мен жарық арқылы өрбитін әртүрлі мәдениеттер мен дәуірлер арасындағы көркем диалогты ашып көрсетеді.
Көрмеге қойылған көптеген экспонаттар осыған дейін Қазақстанның жетекші музейлерінің қорларын толықтырған. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейі, Алматы қаласындағы Сирек кітаптар музейі, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың музей- үйі, Алматы музейі, Бөкей ордасы тарихы музейі, сондай-ақ өзге де өңірлік музейлер мен жеке коллекциялар бар.
Көрме коллекционерлерге, өнертанушыларға, көркемдік білім беру мекемелерінің студенттеріне, суретшілерге және XIX-XX ғасырлардағы еуропалық өнердің тарихи-мәдени маңызын бағалайтын кең көрермен қауымына арналған.
Бұл көрме еуропалық кескіндеменің сан қырлы әлемімен жақын танысуға, дәуір рухын сезінуге және бір кеңістікте тоғысқан көркем шеберліктің жаңа қырларын ашуға мүмкіндік береді.
Көрме 2026 жылдың 25 наурызына дейін жалғасады.
Жұмыс уақыты: 10:00 – 19:00
Демалыс күні: дүйсенбі
Көрме жетекшісі: Бекбаулиева Гүлденай