Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі 2026 жылдың 4 ақпаны,  сағат 11:00-де ақиық ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кеш және жылжымалы көрме өткізеді.

Аталған мәдени іс-шара Алматы облысының музейлер бірлестігіне қарасты Мұқағали Мақатаевтың мемориалды музейі және Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжімен бірлесіп ұйымдастырылады.

Іс-шараның мақсаты - ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын кеңінен таныту және ақын өлеңдерінің маңызын насихаттау.

Мұқағали Мақатаев - қазақтың көрнекті ақыны, лирик, аудармашы, қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларының бірі.

Әдеби-сазды кеш аясында Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақатаев, оның жары, әдебиеттанушы Бақытгүл Айдарова және ақынның замандасы, журналист Дүйсен Мағлұмов ақынның шығармашылық мұрасы туралы естеліктерімен бөліседі. Әдеби-сазды кеште Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері оқылады, ән-жырлар мен әдеби-сазды композициялар орындалып, ақынның рухани әлемі жан-жақты ашылады.

Іс-шара аясында Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейі қорынан ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын кеңінен танытатын бір күндік жылжымалы көрме ұйымдастырылады. Көрмеде ақынның өмір жолын бейнелейтін фотосуреттер, жырға толы қолжазбалары мен кітаптары көпшілік назарына ұсынылады.

Сонымен қатар, ақынның ұрпақтары М.Мақатаевтың жеке заттарын Ұлттық орталық музейге табыстайды.

Іс- шараға мәдениет және өнер саласының өкілдері, әдебиеттанушылар, студенттер қатысады.