14 мамыр күні сағат 15:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде Зейнелхан шығармашылық әулетінің «Жады» атты көрмесіне арналған дөңгелек үстел өтеді. Қатысушылар қатарында Мұхамеджан Зейнелхан, Гүлжай Құсман және Ботакөз Зейнелхан бар. 

«Жады» көрмесі халықтық жадтың терең мәнін, көшпелі мәдениеттің жан дүниесін, оның байлығы мен көпқырлылығын бейнелейді. Көрме ретроспективалық сипатқа ие және әр жылдары жасалған 50-ден астам туындыны біріктіреді. Экспозицияның өзегінде дәстүрлі қазақ кесте өнері – бізкесте жатыр. Ол әр автордың шығармашылық ізденісі арқылы жаңаша көркемдік сипат алған.

Мұхамеджан Зейнелханның шығармашылығы Ұлы даланың кең тынысты көркем шежіресі іспетті. Оның «Шаңырақ», «Сары-Арқа», «Бүркітші», «Дала дүбірі» сынды туындылары дала тіршілігінің ырғағы мен үйлесімін терең жеткізеді, күнделікті өмір көріністерінен бастап мифологиялық және философиялық мазмұнға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Ол 1959 жылы Моңғолияда дүниеге келіп, Ұлан-Батыр қаласындағы көркемсурет училищесін тәмамдаған. Халықаралық және республикалық деңгейдегі көптеген байқаулар мен көрмелердің жүлдегері, «ЮНЕСКО Сапа белгісі» сертификатының иегері, «Биеннале-Ташкент-2002» көрмесінің дипломанты. Сондай-ақ кесте өнеріне арналған бірқатар кітаптар мен оқу құралдарының авторы. 2007 жылы есімі «Қазақстан рекордтар кітабына» енген.

Гүлжай Құсман – суретшінің жұбайы, кесте тігудің қыр-сырын анасынан меңгерген шебер. Қабырғаға ілінетін тұскиіздер, сәндік паннолар мен ұлттық нақыштағы киім үлгілері – оның еңбектерінің бір парасы ғана. Гүлжай дәстүрлі ою-өрнектерді заманауи бұйымдармен үйлестіріп, ұлттық өнерді жаңаша сипатта ұсынады. Шебер 1959 жылы Моңғолияда дүниеге келген. Ол Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, «Шебер» республикалық байқауының екі дүркін жеңімпазы және «ЮНЕСКО Сапа белгісі» сертификатының иегері. Гүлжай Құсман 2014 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне дайындық аясындағы көрмеде Қазақстан атынан өнер көрсетті. 2016 жылы Санта-Феде өткен Халықаралық ұлттық өнер жәрмеңкесіне қатысып, ел намысын халықаралық деңгейде абыроймен қорғады.

Ботакөз Зейнелхан – әулет өнерін жалғап келе жатқан жас буын өкілі. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған ол өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген. Оның шығармаларында абстракция мен бейнелі пішіндер үйлесім тауып, күрделі символдар айқын сызықтар мен бояу ырғағы арқылы өрнектеледі.

Дөңгелек үстел аясында негізгі назар көрме авторлары – Мұхамеджан Зейнелхан, Гүлжай Құсман және Ботакөз Зейнелхан шығармашылығын талқылауға және талдамалық тұрғыдан пайымдауға бағытталады. Қатысушылар олардың туындыларының көркемдік ерекшеліктерін, жеке авторлық ұстанымдарын, сондай-ақ бізкесте дәстүрін заманауи кеңістікте дамытуға қосқан үлесін қарастырады.

Олардың шығармашылығы арқылы сәндік-қолданбалы өнерді сақтау және жаңғырту, отбасылық әулет ішіндегі сабақтастық, ұлттық мұраны игерудегі жеке көркемдік көзқарастың маңызды мәселелері қозғалады. Сонымен қатар Зейнелхан әулетінің ағартушылық қызметіне, қазақстандық өнерді насихаттаудағы ізденісіне, шеберлігін жас ұрпаққа жеткізудегі рөліне ерекше назар аударылады.

Іс-шараға өнертанушылар, суретшілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, профильдік оқу орындарының студенттері және мәдени мұраны сақтауға қызығушылық танытатын барлық азаматтар шақырылады.