2026 жылдың 22 мамырында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Естеліктер мекені» атты мерейтойлық көрменің ашылуы өтеді. Көрме Қазақстанның халық суретшісі Сахи Романов (1926-2002) пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Бек Төлековтың (1926-2013) туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ экспозицияда Дайыр Төлековтың (1956-2016) шығармалары да ұсынылған.

Сахи Романовтың шығармашылығы мазмұн тереңдігімен және айқын ұлттық сипатымен ерекшеленеді. Суреткер туындыларына бейнелі ойдың эпикалық кең тынысы, жоғары кескіндемелік шеберлік және адам болмысын терең танып-білуге негізделген айрықша тереңдік тән. Ол 1949 жылдан бастап көрмелерге қатыса бастаған. 1955 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын (ВГИК, Мәскеу) тәмамдады. 1958 жылы КСРО Суретшілер одағына, ал 1960 жылы Кинематографистер одағына мүшелікке қабылданды. 1967 жылы оған Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, 1981 жылы Қазақ КСР-інің халық суретшісі атағы берілді. 1955 жылы институтты тәмамдағаннан кейін Сахи Романов «Қазақфильм» киностудиясында қызмет етті. Қоюшы-суретші ретінде ол «Өмір жолы» (1960), «Алдар көсе» (1964), «Ән қанаты» (1965), «Найзатас баурайында» (1969), «Құлагер» (1971) және өзге де фильмдердің өмірге келуіне атсалысты. Көрмеде суретшінің кеңінен танылған графикалық және станоктық туындылары ұсынылған. Атап айтқанда, «Шопанның отбасы» (1969), «Жер туралы декрет» (1970), «Отан аспаны аясында» (1970), «Бұғаудан босау» (1970) секілді т.б.

Бұл көрме көрерменді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Бек Төлековтың шығармашылығымен де таныстырады. Ол қазақ бейнелеу өнері тарихында монументалды мүсін өнерінің көрнекті шебері ретінде танылған. Бек Төлеков Қазақстандағы қалалық саябақтық мүсін өнерінің негізін қалаушылардың бірі саналады. Бек Төлеков Актөбе облысында дүниеге келген. 1956 жылы Алматы көркемөнер училищесінің мүсін бөлімін үздік аяқтаған. 1951 жылдан бастап Суретшілер одағының мүшесі, ал 1960 жылдан халықаралық, одақтық және республикалық көрмелерге тұрақты қатысып келеді. Оның ең танымал еңбектерінің қатарында Мұхтар Әуезовке (1972, Алматы), Мәншүк Мәметоваға (1978, Невель), Ж. Қуанышбаевқа және В. Чапаевқа (1982, Орал) арналған ескерткіштер бар. Бек Төлеков шығармалары монументалды пішін айқындығымен, эпикалық сипатымен және жоғары көркемдік шеберлігімен ерекшеленеді.

Экспозицияда ұлттық мүсіншілердің орта буын қатарына жататын Дайыр Төлековтың шығармалары да ұсынылған. Ол 1978 жылы Н. Гоголь атындағы Алматы көркемөнер училищесін тәмамдаған. Шығармашылық жолын белсенді түрде 1980 жылдары бастап, 1985 жылы И. Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтын (М. Аникушин шеберханасы) аяқтағаннан кейін кәсіби тұрғыда қалыптасты. Көрмеде ұсынылған камерлік мүсіндерінде бейнелеу тілі шарттылыққа, метафоралық астарлы ойға және символдық мәнге құрылып, дәстүр мен заманауи үрдістің өзара байланысы айқын көрінеді. Автордың шығармаларынан күнделікті тіршіліктен тыс жасырын мағыналар мен терең рухани белгілерді танытуға ұмтылыс байқалады.

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің қорынан және суретшінің отбасылық қорынан алынған туындылар өмірдің өткіншілігі мен мәңгілігі, өмірдің шынайы құндылықтары туралы ойға жетелейді. Сондай-ақ олар суреткердің өз дәуірінің рухын, болмысын бейнелеу жолындағы биік жауапкершілігін айқындайды.

Көрме кураторы – А. Джадайбаев,
Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының
Ұлттық өнер музейінің «Қазақстанның бейнелеу өнері»
бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері,
өнертану кандидаты