Осы күзде ALMA музейі Halyk Bank-тың стратегиялық қолдауымен Помпиду Орталығымен (Centre Pompidou, Париж) бірлесе ұйымдастырылған тұңғыш жоба ұсынып отыр. Бұл ұзақмерзімді серіктестіктің алғышқы қадамы болмақ.

12 қыркүйектен бастап «Әл Фараби» залында Кристиан Марклейдің XXI ғасырдағы заманауи өнерде культке айналған туындылардың бірі де бірегейі саналатын «Сағат» (The Clock) атты бейнеинсталляциясы орналастырылады. Аталған еңбек бұған дейін Орталық Азияда көрсетілмеген. Музейдің бір жылдығына орай бас серіктесіміз Halyk барша қонақтарымызға сыйлық ретінде музейге тегін кіру мүмкіндігін ұсынады. 12 қыркүйек күні сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін барлығыңыз музейге тегін кіре аласыздар.

Жоба ALMA-ның бір жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр және ол Қазақстан мүсін өнері жайындағы «Мүсіндер» көрмесімен қатар, музейдің мерекелік бағдарламасындағы басты оқиғалардың біріне айналады. Француз ұлттық коллекциясындағы негізгі туындылардың бірін көпшілікке ұсынатын бұл жоба Almaty Museum of Arts үшін Помпиду Орталығымен ұзақмерзімді ынтымақтастықтың алғашқы қадамы боп отыр.

«The Clock» фильмінің музейдің туған күніне орай көрсетілуі – қала мен өңірдің мәдени өмірін дамытуға қосып отырған үлесіміз, сондай-ақ халықаралық байланыстарды жүйелі түрде дамытуға ниетті екеніміздің белгісі. Помпиду орталығымен ынтымақтастық орнату бір сәттік дүние емес, ұзақмерзімді байланыстың бастауы дер едім. Біз Алматы тұрғындары мен қонақтарының елден шықпай-ақ, заманауи өнердің үздік туындыларын көріп, көзайым болғанын қалаймыз. Осы орайда туындыны ұсынғаны үшін Помпиду орталығына (Париж), сондай-ақ жобаны қолдағаны үшін стратегиялық серіктесіміз – Halyk-қа алғыс білдіреміз», – дейді Нұрлан Смағұлов, Almaty Museum of Arts негізін қалаушы.

«Halyk үшін бұл жобаны қолдау – әлеуметтік инвестициялар саласындағы көпжылдық стратегиямыздың заңды жалғасы. Біз мәдениет пен білім салаларына көп жылдан бері жүйелі түрде демеу боп келеміз. Өйткені елдің болашағын осы салалар қалыптастырады деп сенеміз. ALMA-дағы «The Clock» сынды деңгейі жоғары жобалар Қазақстанның жаһан мәдени кеңістігіне енуіне ықпал етеді. Банкіміздің осы үдерістің ажырамас бөлігі болып отырғаны біз үшін маңызды», – деп атап өтті Halyk басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.

Швейцариялық-америкалық суреткер Кристиан Марклейдің (1955 жылы туған) «Сағат» (The Clock) атты туындысы – сағат көрсетілетін немесе уақыт туралы айтылатын көркем және телевизиялық фильмдерден алынған мыңдаған үзіндіден құрастырылған 24 сағаттық бейнеинсталляция. Эпизодтардың әрқайсысы экрандағы уақыт туынды көрсетіліп жатқан жердегі нақты уақытпен сәйкес келетіндей етіп монтаждалып, көрсетіледі. Көрермен залға тәуліктің қай минутында кірсе де, экрандағы уақыт нақты сол уақытпен дәлме-дәл сәйкес келеді.

Әлемнің әр түкпіріндегі «The Clock» көрсетілімдері маусымның басты мәдени оқиғаларының біріне айналып келеді. Көрермендер туындыны бірнеше минут көру үшін келеді, алайда көп жағдайда бірнеше сағатқа қалып, тәуліктің әр уақытында қайта оралады. Осылайша олар нақты уақыт өзгерген сайын туындының ырғағы, көңіл күйі мен драматургиясының қалай құбылатынын тамашалай алады.

«Шыдамдылығыңызды ”The Clock“ секілді туындымен сынаудың қажеті жоқ. Мен ешкімге оны 24 сағат бойы тапжылмай отырып көруге кеңес бермеймін. Көрермен өз қалауынша келіп, қалаған уақытында кете алады. Бұл туындыны тамашалау тәжірибесі экранда өтіп жатқан оқиғалар мен күнделікті өміріңіздегі шынайы тіршіліктің арасындағы қайшылыққа құрылған. Бұл фильмнің басы мен аяғы жоқ. ”The Clock“ фильмін көруге «ең дұрыс»уақыт мыну деп те айта алмаймын, өзіңізге қолайлы кез келген уақытта тамашалай аласыз, – дейді аталған туынды авторы Кристиан Марклей, – ”The Clock“ фильмнен гөрі перформансқа жақын. Мұнда көрермен сырттай бақылаушы болып қалмай, туындының ажырамас бөлігіне айналады. Сіз көрме кеңістігіне кірген сәтте перформанс басталады да, одан шыққан кезде аяқталады. Экрандағы уақыт тоқтаусыз алмасып жатқан шағында, оның мына бір нәрсені үнемі сіздің есіңізге салып тұрғанын сезесіз: экрандағы уақыт пен өз өміріңіздегі уақыт – бір уақыт. Ал сол уақытты қалай өткізетініңізді өзіңіз шешесіз».

Марклей кино өнерінің ғасырдан астам уақытты қамтитын мұрасынан алынған көріністерді біріктіре отырып, киноны дәл қазір «тықылдап» тұрған хронометрге айналдырады. Жанрлар, сюжеттер мен кейіпкерлердің үздіксіз ауысымы уақытты туындының негізгі тақырыбына ғана емес, басты кейіпкеріне де айналдырады. 2010 жылы алғаш рет Лондонда көрсетілген туынды келесі жылы Венеция биенналесінің басты жүлдесі – «Алтын арыстанға» ие болды. Содан бері ол заманауи видеоарттың ең танымал туындыларының біріне айналып, Нью Йорктегі Заманауи өнер музейі (MoMA), Тейт галереясы (Лондон) және Помпиду Орталығы (Париж) сияқты әлемнің ірі музейлерінде көрсетіліп келеді.

«Экрандағы уақыттың нақты уақытпен сәйкес келуі кез келген басқа өнер түрін тамашалағанда кеше алмайтын айрықша күйге бөлейді, – дейді ALMA-ның көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиева. – Сен кеңістікке кірген сәтте, экраннан дәл сол минутты көресің. «The Clock» туындысының сиқыры да осында: ол көрерменді жай бақылаушы емес, уақыттың ажырамас бөлігіне айналдырады. Алматы аудиториясы үшін бұл – жаһандық өнердің жауһарын тамашалап қана қоймай, оны дәл осы жерде, дәл қазір тұла бойыңнан өткізіп, киноның өз өміріңнің бір бөлігіне айналғанын сезінуге берілген мүмкіндік».

«The Clock» бейнеинсталляциясы Almaty Museum of Arts-тағы «Әл Фараби» залында  2026 жылғы 12 қыркүйектен 11 қазанға дейін бір ай бойы көрсетіледі. Жекелеген күндері көрермендер туындыны суретші бастапқыда ойластырған форматта, яғни 24 сағат бойы үздіксіз тамашалай алады. Бұл – музейдің жұмыс уақытында көрсетілмей, назардан тыс қалатын бейнеүзінділерді көруге берілетін таптырмас мүмкіндік. 

Музейде тәулік бойы жүретін көрсетілімдер мына күндерге жоспарланған:

  • 19 қыркүйек,
  •  26 қыркүйек,
  •  3 қазан,
  • 10 қазан.

Туынды жайлы дерек: 

Кристиан Марклей

Сағат (The Clock), 2010

Бірарналы бейнеинсталляция

Ұзақтығы: 24 сағат

Туындыны 2012 жылы Помпиду орталығы (Париж), Тейт галереясы (Лондон) және Израиль музейі (Иерусалим) бірлесіп сатып алған.