Қарасай ауданында халықаралық мүсіншілер симпозиумының нәтижесінде қалыптасқан бірегей мәдени кеңістік Отбасы күніне орай салтанатты түрде ашылады.
Алматы облысы, Қарасай ауданы. 2026 жылғы 17 қыркүйекте сағат 11:00-де Жандосов тасжолының 26-шақырымында орналасқан «Анаға құрмет» музейінде «Ұлы Ана» тас паркінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Жаңа мәдени кеңістіктің ашылуы Отбасы күніне арналған «Отбасы – бақыт бастауы» атты ауқымды мәдени-рухани бағдарламаның аясында ұйымдастырылады.
«Ұлы Ана» тас паркі – ана бейнесін ұлттық дүниетаным, тарихи жады және рухани сабақтастық тұрғысынан танытатын бірегей мәдени жоба. Саябақ аумағындағы мүсіндік композициялар «Ана – өмірдің, жадының және ұлттық бірегейліктің символы» атты халықаралық мүсіншілер симпозиумы барысында жасалды.
Өнер академиясының президенті А. Ақанаевтың ұйымдастыруымен өткен шығармашылық жиынға отандық және шетелдік мүсіншілер қатысып, ана тақырыбын заманауи өнер тілі арқылы бейнеледі. Бірнеше аптаға созылған шығармашылық жұмыс нәтижесінде әртүрлі көркемдік шешімдерді тоғыстырған жаңа мүсіндік кеңістік қалыптасты.
Саябақтың ашылу салтанатымен қатар осы күні халықаралық симпозиумның ресми жабылу рәсімі де өтеді. Осылайша, қонақтар мен БАҚ өкілдері бір күнде жаңа мәдени нысанның ашылуына және халықаралық шығармашылық жобаның қорытындысына куә болады.
Мерекелік бағдарламаның маңызды бөлігі – музейдің бірінші қабатында Домалақ анаға арналған арнайы бұрыштың тұсаукесері. Экспозициялық кеңістікте Домалақ ананың өмірі, өнегесі мен рухани мұрасы заманауи музейлік форматта таныстырылады.
Сонымен қатар қонақтарға «Анаға құрмет» музейінің қорындағы тарихи-мәдени жәдігерлер мен этнографиялық материалдар таныстырылады. Мерекелік шара «Ұлы Ана» тас паркі аумағындағы концерттік бағдарламамен жалғасады.
Концерт барысында отбасы құндылықтары, ұрпақ сабақтастығы, анаға деген құрмет және туған жерге деген сүйіспеншілік музыкалық және шығармашылық қойылымдар арқылы көрініс табады.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер саласының өкілдері, ғалымдар, отандық және шетелдік мүсіншілер, шығармашылық зиялы қауым, аудан тұрғындары мен арнайы шақырылған қонақтар қатысады.
«Ұлы Ана» тас паркінің ашылуы – анаға деген құрметті өнер арқылы дәріптеп, ұлттық құндылықтарды заманауи мәдени кеңістікте жаңғыртуға бағытталған маңызды бастамаларының бірі.