12 қыркүйекте Almaty Museum of Arts (ALMA) өзінің бір жылдығын атап өтеді. Он екі ай ішінде музей 460 000-нан астам қонақ қабылдап, ірі көрме және зерттеу жобаларын жүзеге асырды, халықаралық серіктестіктер аясын кеңейтіп, Алматының мәдени инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналды. ALMA жұмысының екінші жылына жаңа көрме бағдарламасымен, халықаралық мәдени мекемелермен жасалған ұзақ мерзімді келісімдермен және коллекцияға қосылған құнды жаңа туындылармен бірге қадам басып отыр.
Almaty Museum of Arts-қа алғашқы жұмыс жылында 460 000-нан астам адам келді. Бұл Қазақстандағы заманауи музейге деген қызығушылықтың зор екенін көрсетіп, ALMA-ны өңірдегі ең көп қонақ қабылдайтын мәдени мекемелердің қатарына қосты.
Жүйелі түрде ойластырылған билет саясаты музейді аудиторияның түрлі топтарына қолжетімді етуге мүмкіндік берді. Келушілердің жалпы санының 56,5%-ын ересектер, 36%-ын балалар, мектеп оқушылары, студенттер мен жастар санаттары, ал 7,5%-ын жеңілдікке ие келушілер құрады.
«Almaty Museum of Arts-ты құра отырып, біз жай ғана көрме өтетін ғимарат емес, қаланың тыныс-тіршілігін өзгертіп, жаңа мәдени бағдарлар қалыптастыра алатын тірі организм жасауды мақсат еттік, – дейді Almaty Museum of Arts негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов. – Алғашқы жыл Алматыда жаһандық деңгейдегі заманауи музейге деген сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Жарты миллионға жуық келуші, олардың арасында жастардың үлесінің жоғары болуы, мәдениет саласының мамандарына арналған жаңа жұмыс орындарының ашылуы музейдің қала өмірінің маңызды бөлігіне айналғанын дәлелдейді».
Алғашқы көрме жылы.
ALMA өзінің алғашқы жұмыс жылында төрт ауқымды көрме жобасын ұсынды.
Музей алғашында екі көрмемен ашылды. «Қонақтар» көрмесі Almaty Museum of Arts коллекциясын көпшілікке алғаш рет таныстырып, оның музей негізін қалаушылар Нұрлан және Мадина Смағұловтардың бастамасымен қалыптасқан отыз жылдық тарихын баяндады. Сонымен қатар Орталық Азияның елеулі суретшілерінің бірі Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты ретроспективалық көрмесі ашылды. Көрменің кураторы – Гридтия Гавивонг.
2026 жылы көрме бағдарламасы видеоарттың пионері Билл Виоланың «Уақыт кеңістігі» атты ауқымды жеке көрмесімен жалғасты. Экспозиция суретшінің шығармашылығының әр кезеңіне тиесілі туындыларды біріктірді.
Музейдің алғашқы жылдығына орай өнертану ғылымының докторы Әлия Тизенгаузеннің кураторлығымен «Мүсіндер: 1950 жылдардан бүгінге дейінгі Қазақстан мүсін өнері» көрмесі ашылды. Жоба Қазақстандағы жетпіс жылдық мүсін өнерін адам тәнін суреттеу арқылы қарастырады.
ALMA-ның бір жылдық туған күніне орай Кристиан Марклейдің The Clock (2010) атты әйгілі бейнеинсталляциясы да көпшілік назарына ұсынылды. Бұл туындының Орталық Азияда алғаш рет көрсетілуі, сондай-ақ ALMA-ның Париждегі Centre Pompidou-мен көпжылдық серіктестігі аясындағы алғашқы жоба. Инсталляция 2026 жылғы 12 қазанға дейін көрсетіледі, ал 19 қыркүйектен бастап әр сенбі сайын тәулік бойы тамашалауға болады.
Музейдің зерттеу жұмыстары баспа бағдарламасымен қатар жүзеге асырылып отыр. ALMA алғашқы жылы үш кітап жарыққа шығарды. Ал «Мүсіндер» көрмесіне арналған төртінші басылым қазір баспаға дайындалып жатыр.
«Музейдің кураторлық стратегиясы Орталық Азия өнерін терең зерттеу мен халықаралық көркемдік үдерістерге белсенді атсалысу арасындағы тепе-теңдікке негізделген, – дейді Almaty Museum of Arts көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиева. – Билл Виолаға, Қазақстанның монументалды өнеріне немесе Әбдірәшіт Сыдыхановтың мұрасына арналған жобалар бағдарламамыздың терең зерттеу жұмыстарына негізделгенін көрсетеді. Ал халықаралық серіктестік бізге жаһан өнерінің маңызды туындыларын Алматыға әкеліп қана қоймай, бірлескен жобалардың толыққанды тең авторы болуға мүмкіндік береді».
Музей қала тынысының ажырамас бөлшегі ретінде.
Бір жыл ішінде ALMA-ның қоғамдық бағдарламасы 110-нан астам іс-шараны қамтыды. Олардың қатарында дәрістер, пікірталастар, концерттер, кинокөрсетілімдер және басқа да пәнаралық іс-шаралар бар.
Білім беру бағдарламасында Chevron серіктес болып отырған Şeberhana шығармашылық кеңістігі ерекше орын алады. Алғашқы жылы бұл кеңістікке 4 000-нан астам бала мен ересек келіп, 75 шығармашылық шеберлік сабағы өткізілді. Материалдармен жұмыс істеу және қолөнер тәсілдерін қолдануға баули отырып, бағдарлама қатысушыларды өңірдің мәдени дәстүрлері мен қолөнер мұрасымен таныстырады.
Музей командасы 1 423 экскурсия өткізді. Осы уақыт ішінде гидтер жалпы есеппен 1 983 054 қадам жасап, шамамен 1 390 шақырым жүріп өткен. Бұл Алматыдан Астанаға дейін қатынайтын тас жолдан да ұзын.
Музей көрме залдарынан тыс жерде де қаланың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келеді. Алғашқы жылы музей кафесіне шамамен 70 000 қонақ келді: келушілер 7 000 литрге жуық кофе ішіп, 5 000-ға жуық вафли стақанының дәмін татты.
Жаңа жұмыс орындары және мәдени экономикаға қосқан үлесі.
Almaty Museum of Arts-тың пайда болуы Алматының мәдени инфрақұрылымына айтарлықтай әсер етіп, түрлі салаларда жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етті. Атап айтқанда, музейдің өзі өнертанушылар, кураторлар, музей мамандары, арт-менеджерлер және мәдениет саласының басқа да кәсіби мамандары үшін 130 жұмыс орнын құрды. Сонымен қатар техникалық, әкімшілік және сервис бағыттарында да жұмыс орындары ашылды.
Музейдің көрме, баспа және қоғамдық жобалары Қазақстандағы сәулет бюролары, дизайнерлер, логистикалық компаниялар, өндіріс орындары, баспалар және креатив индустрияның басқа да өкілдерінің қызметіне деген қосымша сұранысты қалыптастырып отыр.
Музей ғимараты мен оған іргелес аумақ та қаладағы жаңа тартылыс нүктесіне айналып, ауданның мәдени белсенділігін арттырып, жаңа қоғамдық кеңістік қалыптастырды.
Музей серіктестері.
Almaty Museum of Arts-тың алғашқы жұмыс жылы музейдің миссиясын қолдап, елдегі мәдениет пен адами капиталды ұзақ мерзімді дамытуға үлес қосқан серіктестердің қолдауынсыз мүмкін болмас еді.
Halyk Bank ALMA-ның алғашқы бас серіктесі атанды. Бұл серіктестік музейге ұзақ мерзімді жобаларды сенімді түрде жоспарлауға мүмкіндік береді. Halyk бұған дейін Билл Виоланың жеке көрмесі мен Кристиан Марклейдің The Clock бейнеинсталляциясын көрсету сияқты екі маңызды көрме бастамасына қолдау көрсетті.
Музей үшін бұл ынтымақтастық тек практикалық қолдау ғана емес, сонымен қатар мәдениет, білім беру және өнермен танысу сынды жаңа мүмкіндіктерді дамыту қоғам үшін маңызды міндет ретінде қабылданатынына деген сенімнің белгісі.
Atasu Group «Мүсіндер: 1950 жылдардан бүгінге дейінгі Қазақстан мүсін өнері» көрмесінің серіктесі болды. Компанияның қолдауы ALMA, Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі және басқа да институционал әрі жеке коллекциялардағы туындыларды тоғыстырған зерттеу жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Chevron Şeberhana білім беру платформасының алғашқы серіктесі атанды. Ынтымақтастықтың арқасында музей балалар мен ересектерге арналған тегін және субсидияланатын білім беру бағдарламаларын одан әрі дамытып келеді.
Сонымен қатар ALMA жетекші халықаралық музейлердің үлгісіне негізделген жеке патронаж жүйесін дамыта бастады. Музей жұмысының алғашқы айларында бұл бағдарламаға қазақстандық бизнес өкілдері мен қоғам қайраткерлері қосылды. Олардың қатысуы Қазақстанда мәдениетті жеке қолдаудың ұзақ мерзімді моделін қалыптастыруға негіз қалап отыр.
Екінші жыл. Жаңа халықаралық серіктестіктер.
2026 жылдың күзінде музейдің халықаралық бағдарламасы одан әрі кеңейе түседі.
Қазан айында Бельгия Королі Филипптің қатысуымен ALMA Брюссельдегі заманауи өнердің жаңа ірі музейі KANAL–Centre Pompidou-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қояды. Серіктестік бельгиялық суретші Ула Сикленің ALMA-да өтетін бірқатар перформансынан басталып, екі мәдени мекеме арасындағы ұзақ мерзімді алмасудың алғашқы кезеңіне айналады.
2027 жылдың көктемінде музей зерттеуші Деннис Кин және куратор Ален Лимен бірлесіп әзірлеген Қазақстанның монументал өнеріне арналған көрмені ұсынады. Жоба елдің сәулеттік және көркем мұрасының маңызды бөлігі саналатын мозаика, витраж, қабырға кескіндемесі, гобелен, сграффито және барельефтерді қамтып, оларды құжаттау мен сақтауға қатысты мәселелерді көтереді.
2027 жылдың мамырында ALMA Қазақстан өнерінің XX ғасырдың екінші жартысындағы көрнекті өкілдерінің бірі Әбдірәшіт Сыдыхановтың 90 жылдығына арналған ретроспективалық көрме ашады. Жоба суретшінің өзіндік таңбалар жүйесі мен кескіндемелік философиясының эволюциясын көрсетеді. Туындылардың едәуір бөлігі көпшілікке алғаш рет ұсынылғалы отыр.
2027 жылдың күзінде ALMA Кореяның Ұлттық заманауи және қазіргі заманғы өнер музейімен (MMCA) бірлесіп дайындалған Оңтүстік Кореяның заманауи өнеріне арналған ауқымды көрме өткізеді. Жоба музей жұмысының екінші жылындағы халықаралық бағдарламаның басты оқиғаларының біріне айналады.
Коллекцияға жаңадан қосылғалы отырған туындылар.
ALMA коллекциясы халықаралық деңгейдегі жинақ ретінде қалыптасуын жалғастырып, сонымен қатар Қазақстан мен Орталық Азия өнері туралы түсінікті тереңдете түсуде.
2027 жылы коллекцияға Яёи Кусаманың Aspiring to Pumpkin's Love, the Love in My Heart (2023) атты сегіз метрлік қола мүсіні қосылады. Туынды суретшінің шығармашылығындағы негізгі мотивтердің бірі – асқабаққа арналған. Сондай-ақ видеоарттың негізін қалаушылардың бірі Нам Джун Пайктың «ТВ-Будда» (2005) инсталляциясы да музей қорына енеді.
Қазақстан өнері коллекциясы жуырда Алмагүл Меңлібаеваның «Мәңгілік қалыңдық» (2002) бейнетуындысымен, Әлібай Бапановтың «Ғалам» (2019) атты текстиль жұмысымен және Елена мен Виктор Воробьевтердің «Быстрое изготовление весны» (2013) атты фотоинсталляциясымен толықты.
«Біз екінші жылға бұдан да ауқымды жоспарлармен қадам басып отырмыз. Қазақстан өнерін халықаралық контексте танытуды жалғастырып, зерттеу жұмыстарын дамытып, коллекциямызды жаһандық және қазақстандық өнердің көрнекті өкілдерінің туындыларымен толықтыра береміз», – дейді Нұрлан Смағұлов.
ALMA-ның бір жылдық туған күні.
12 қыркүйекте Almaty Museum of Arts қала тұрғындарын музейдің алғашқы туған күнін бірге атап өтуге шақырады. Мерекелік бағдарламада Roksonaki тобының өнер көрсетуі, «Қызыл трактор» арт-тобымен өтетін перформанстар және Şeberhana-да кез келген жастағы келушілерге арналған шығармашылық белсенділіктер болады.
Бұл күні музейдің бас серіктесі Halyk Bank барлық келушілерге музейге тегін кіру мүмкіндігін ұсынады. Сонымен қатар әр қонаққа 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға болатын, ашық даталы тағы бір билет сыйға беріледі.
Фотосурет: Жанарбек Аманкулов