7 қарашада Нұрғиса Тілендиев атындағы камералық залда әр дәуірдегі би музыкасына арналған фортепианолық шығармалар орындалады. Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанар Сулейманова өнер көрсетеді.
«Ғасырлар әуеніндегі би ырғағы. I бөлім» атты концерт бағдарламасына Жан-Филипп Рамо, Вольфганг Амадей Моцарт, Фредерик Шопен, Мануэль де Фалья, Бела Барток, Сергей Прокофьев және Франсис Пуленк сынды көрнекті композиторлардың шығармалары енген.
Бағдарлама академиялық музыкадағы би жанрларының сан қырын таныстырады. Көрермендер көне сюиталар мен әсем менуэттерден бастап, ұлттық би әуендері мен ХХ ғасырдағы музыкалық туындыларға дейінгі шығармашылық ізденістермен таныса алады.
Концерттің бірінші бөлімінде Ж.-Ф. Рамоның ми минор сюитасы, В. А. Моцарттың ре мажор менуэті, сондай-ақ Ф. Шопеннің мазуркасы, полонезі мен екі вальсі орындалады.
Екінші бөлімде М. де Фальяның испан би әуендері, Б. Бартоктың екі румын биі және С. Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» фортепианолық сюитасынан алынған үш шығарма — «Халық биі», «Менуэт», «Монтеккилер мен Капулеттилер» ұсынылады. Кеш Ф. Пуленктің BACH тақырыбына жазылған «Вальс-импровизация» шығармасымен аяқталады.
Концерт тыңдармандарға би өнерінің ғасырлар бойы қалай өзгергенін, сарай музыкасының дәстүрінен ұлттық нақыштарға және заманауи музыкалық тілге дейінгі эволюциясын сезінуге мүмкіндік береді. Әр дәуірдің өзіндік сипатын танытатын шығармаларда ырғақтың қуаты, әуеннің әсемдігі мен эмоциялық тереңдік тоғысады.
Өтетін күні мен уақыты: 2026 жылғы 7 қараша, сағат 18:00
Өтетін орны: Нұрғиса Тілендиев атындағы камералық зал
Орындаушы: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанар Сулейманова (фортепиано).