Әділхан Ержанов түсірген «Қазақтың қорқынышты ертегілері» телехикаясының фестивальдік нұсқасы Cyprus Horror Society Film Festival байқауында Best Motion Picture аталымын жеңіп алды. Жобаның халықаралық сапары 29 қазанда Klassiki платформасындағы онлайн-премьерамен жалғасады.

Жеңімпаздар тізімін фестиваль ұйымдастырушылары 14 қазанда жариялады. Лимасолда өткен байқауға әр елден тәуелсіз қорқынышты фильмдер, триллерлер және басқа да жанрлық туындылар қатысты. «Қазақтың қорқынышты ертегілері» алғашқы үш бөлімнен құрастырылған толықметражды нұсқамен ұсынылды.

Жоба Best Motion Picture жүлдесін иеленді. Бұл аталым фестивальдегі толықметражды туындыларға берілетін негізгі марапаттардың қатарына кіреді.

29 қазанда «Қазақтың қорқынышты ертегілері» Хэллоуинге арналған арнайы бағдарлама аясында халықаралық Klassiki стриминг платформасында көрсетіледі. Сервис Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия киноларын шетелдік көрерменге ағылшын тіліндегі субтитрлермен ұсынады.

Телехикаяның халықаралық фестивальдердегі сапары Монреальда өткен Fantasia International Film Festival аясындағы әлемдік премьерадан басталды. Кейін жоба Париждегі L’Étrange Festival, Seriesly Berlin және Венадағы SLASH фестивалінде көрсетілді.

Әділхан Ержановтың мистикалық детективі қазақ фольклорындағы кейіпкерлер мен сарындарға негізделген. Тергеуші Біржан Қаратас елді мекеніне келіп, Албасты, жезтырнақ және халық аңыздарындағы өзге де тылсым жаратылыстарға байланысты қылмыстарды тергейді. Телехикаяда Қуантай Әбдімәди, Анна Старченко, Азиз Бейшеналиев, Динара Бақтыбаева, Данияр Алшинов, Санжар Мәди және басқа да актерлер ойнаған.

«Қазақтың қорқынышты ертегілері» Freedom Кино и ТВ-ның төл жобасы ретінде түсірілген. Қазақстандық көрермендер телехикаяның он бөлімін де Freedom SuperApp-тағы «Кино и ТВ» бөлімінен көре алады.