Қазақ мемлекеттік циркінің эквилибрисі Таисия Демидова Монте-Карлодағы 46-шы Халықаралық цирк фестивалі аясында өткен XXI «Жаңа ұрпақ» фестивалінде «Қола юниор» сыйлығының иегері атанды. Бұл байқау цирк әлемдегі «Оскар» атанған ең беделді фестивальдердің бірі болып саналады.
Таисия Демидова Монакода «Хула-хуппен эквилибр» нөмірімен өнер көрсетті. Таисия қола медальдан өзге «Италия циркі достарының жүлдесі» және «Ұлттық білім және спорт басқармасының арнайы сыйлығы» атты екі арнайы марапатты да жеңіп алды.
«Бұл жүлде – цирк өнеріндегі ең беделді марапаттардың бірі. Біз Таисиямыз үшін өте қуаныштымыз және оның алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенімдіміз. Алматы әкімдігі Уирк артистерінің шығармашылық әлеуетін дамытуға көп көңіл бөледі», – деді Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Айта кетерлігі, 2023 жылы Алматы циркінің артистері алғаш рет Бейжің халықаралық акробатика мектебінде және Ресей театр өнері институты – ГИТИСте біліктілігін арттырудан өтті. Сондай-ақ, соңғы 35 жылда алғаш рет Цирк ұжымы шетелге гастрольге шығуды қайта бастады, Душанбе мен Тбилисиде өнер көрсетті. Бұдан басқа, қазіргі уақытта цирк ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.