Қазақстандық студенттер командасы Huawei ICT Competition халықаралық білім беру байқауының өңірлік финалына қатысушылардың қатарына енді. Конкурсты ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың әлемдік көшбасшысы Huawei компаниясы жыл сайын өткізеді және оның мақсаты әлемнің түкпір-түкпірінен шыққан талантты студенттерді қолдау, сондай-ақ АКТ саласындағы білім беру, ғылыми және қолданбалы қызметті ынталандыру болып табылады.
Қазақстанда ICT Competition байқауына қатысуға іріктеу туры 2023 жылдың қыркүйек айынан қазан айына дейін екі кезеңде өтті және 33 жетекші университеттер мен Huawei АКТ-академияларын қамтыды. Іріктеу кезеңіне 2 000-нан астам студент қатысты, олар Network track, Cloud track және Computing track атты үш бағыт бойынша өз білімдерін сынады. Оның қорытындысы бойынша ұлттық финалға үздік нәтиже көрсеткен 152 студент шықты.
«Біз бүгін біздің өмір салтымызды, жұмысымызды және қарым-қатынасымызды жаңаша айқындайтын қарқынды ілгерілеудің куәсі болып отырмыз. Бүгінде, Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне аяқ басқан кезде, жастарымызды осы жаңа технологиялық ортада табысты даму үшін қажетті дағдылармен және біліммен қаруландыруымыз өте маңызды», - деп өз сөзінде Динара Щеглова, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрi атап өттіі. — «Біздің білім беру мақсаттарымызға сәйкес келетін маңызды бастамалардың бірі - Huawei ICT Competition байқауы. Аталмыш дода студенттер үшін де, олардың оқытушылары үшін де біліммен, тәжірибемен және инновациялық идеялармен алмасуға ықпал ететін динамикалық алаң ретінде қызмет етеді. ICT Competition сияқты бағдарламалар біздің студенттерге білім алуға, инновациялар ойлап табуға және еліміздің өсуі мен өркендеуіне үлес қосуға құнды мүмкіндік береді».
Өңірлік финалда Қазақстанның атынан еліміздің ұлттық финалының алты жеңімпазы қатысады. Екі қазақстандық команда Cloud Track және Computing Track бағыты бойынша Таяу Шығыс пен Орталық Азияның ең мықты студенттерімен жарысады. Осы раундтан сәтті өткен жағдайда біздің студенттер байқаудың жаһандық финалына қатысуға мүмкіндік алады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Дидар Молдахметов пен Аида Бегайдарова, сондай-ақ KBTU студенті Гаухар Жанель Cloud Track бағытының қатысушылары атанды. Ал Computing Track бағыты бойынша Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінен Оралбай Утебай, KBTU-дан Даниял Сарсенбай және Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ-дан Николай Жиляков сынды қатысушылар еліміздің намысын қорғайды.
«АКТ саласындағы әлемдік көшбасшы ретінде Huawei әрқашан инновацияларды ынталандыруға, жас таланттарды қолдауға және академиялық салаға үлес қосуға ұмтылады. Біздің білім беру бағдарламаларымыз арқылы біз студенттерге оқуға ықпал ететін және оларды цифрлық дәуірдің қиындықтары мен мүмкіндіктеріне дайындайтын құралдарды ұсына отырып, олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге тырысамыз. Осы мақсатта біз Huawei ICT Competition байқауын ұйымдастырдық, ол біздің басқа бағдарламаларымыз сияқты практикалық дағдыларды дамытуға және АКТ саласындағы таланттарды қолдауға зор көмек көрсетеді. ICT Competition біздің болашақ технологиялық көшбасшыларымыздың білімін нығайту үшін сынақ алаңы ретінде қызмет етеді. Ол студенттерге өз таланттарын халықаралық деңгейде көрсетуге, өз жобалары туралы сараптамалық пікір білуге және бүкіл өміріне азық болар білім қорын меңгеруге бірегей мүмкіндік береді», - деді Huawei Technologies Kazakhstan Бас директорының орынбасары Сью Хай.
Huawei ICT Competition байқауына қатысушылар өз дағдыларын көрсетуге, пікірлес адамдармен қарым-қатынас жасауға және соңғы технологиялық жетістіктерден хабардар болуға мүмкіндік алады. Huawei компаниясының білім беру мүмкіндіктерін кеңейту миссиясын қолдау мақсатында құрылған аталмыш байқау бүкіл әлем бойынша АКТ бағытындағы студенттердің идеялармен алмасатын және инновациялық ойлауын дамытатын ынталандырушы ортаға айналып отыр.