Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин карантин сақталмаған жағдайда тәртіп бұзушыларға қандай қауіп төнетінін еске салды.
Кейбір «қызыл» мәртебесі бар алматылықтар дәрігерлердің талаптарын елемей, қоғамдық тамақтану орындарына, сауда ойын-сауық орталықтарына, қала кинотеатрларына баруға тырысуда. Барлық бұзушыларға – 70 адамға 30 АЕК айыппұл салынды.
Осыған байланысты Ж. Бекшин азаматтарды жасына және қызмет саласына қарамастан, ұсыныстар мен шектеу шараларына жауапкершілікпен қарауға шақырды және карантин режимінің сақталуын бақылау бойынша жұмыс жалғасады деп уәде берді.
- Қала тұрғындарын «жасыл» аймаққа кіргеніне қарамастан, алыс және жақын шетелдердегі КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуін ескере отырып, карантиндік шараларды сақтауды жалғастыруға және белсенді вакциналануға шақырамын. Тек ұжымдық иммунитет қала тұрғындары арасында вирустың таралуын және індетті тоқтатады, яғни таралу тізбегін үзе алады, - деп атап өтті Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері.
Мегаполис тұрғындары КВИ инфекциясын бұрынғыдай сауда нысандарында – 31,5%, отбасыларда – 22,0%, қоғамдық көлікте – 18,3% және базарларда – 10,2% жұқтыруда.