Қаланың Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев Алматы қаласының тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді қалпына келтіру жөніндегі қалалық штабтың отырысы барысында санитарлық тазарту жөніндегі коммуналдық қызметтер коменданттық сағаттан басқа штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Данияр Қырықбаевтың айтуынша, 8 қаңтардан бастап қоқыс шығарушы ұйымдар аула аумақтары мен жеке тұрғын үйлерден қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстарын бастады. 200-ден астам техника мен 700 жұмысшы жұмылдырылды. Ағымдағы кезеңде 10,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
«9 қаңтардан бастап «Алматы Тазалық» МКК мен мердігер ұйымдар мегаполистің көше-жол желісін тазарту бойынша жаппай жұмыстар ұйымдастырды, оған 500-ге жуық арнайы техника мен 1600 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Бүгінде 667 тонна қоқыс шығарылды», - деді спикер.
Сондай-ақ, 9 қаңтардан бастап құтқару қызметінің 93 жұмысшысының күшімен 45 бірлік арнайы техниканы қолдана отырып, тәртіпсіздік барысында зақымданған 100 бірлік автокөлік, сондай-ақ ірі көлемді қоқыс пен қираған экопосттар шығарылды.
Данияр Қырықбаев қазір қалалық коммуналдық қызметтер коменданттық сағаттан басқа штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.