Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева Алматы қаласының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысы барысында білім беру ұйымдарындағы оқу процесіне дайындық туралы баяндады.
Қалада қалыптасқан жағдайға байланысты 71 мыңнан астам баланы қамтыған 860 мектепке дейінгі ұйым (190 мемлекеттік және 670 жеке меншік) 5 қаңтардан бастап өз жұмысын уақытша тоқтатты.
Білім басқармасы басшысының айтуынша, ТЖ режимі аяқталғаннан кейін 20 қаңтардан бастап балабақшалардың жұмысын қайта бастау жоспарлануда. Бұл ретте қаладағы эпидемиологиялық жағдай міндетті түрде ескерілетін болады, сондықтан балабақшалар кезекші топтар режимінде жұмыс істеуі мүмкін. Мектепке дейінгі мекемелердің жұмыс тәртібі туралы ата-аналар мен қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстары қосымша ұйымдастырылатын болады.
«Бүгінде төтенше жағдай кезінде мектепке дейінгі мекемелерді қаржыландыру мәселесі ашық күйінде қалып отыр, атап айтқанда, 30 640 орындық 519 жекеменшік балабақшада, сондай-ақ 173 мемлекеттік балабақшада орналасқан мемлекеттік тапсырыс туралы сөз болып отыр», - деп атап өтті Жылқыбаева.
Білім басқармасының басшысы мектептердегі қысқы демалыс 17 қаңтарға дейін, колледждерде 24 қаңтарға дейін ұзартылғанын еске салды. Қалада эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты 17 қаңтарда оқушылар қашықтық форматта сабақтарға кірісті.
«Бізде қашықтықтан оқыту форматында жұмыс тәжірибесі бар, мұғалімдер өткен жылы цифрлық сауаттылықты арттыру курстарынан өтті. Оқу процесін ұйымдастыру үшін барлық жағдай жасалған, ата - аналар компьютерлерге немесе ноутбуктерге, интернетке қосылу қажеттілігі туындаған жағдайда мектеп директорына немесе аудандық білім бөлімдеріне жүгіне алады, онда оларға осы мәселелерді шешуге көмектеседі», - деді Ләззат Жылқыбаева.
24 қаңтардан бастап 83 колледждің 73 мыңнан астам алматылық студенті сабаққа кіріседі, олар үшін оқытудың аралас форматы көзделген: дәрістік сабақтар онлайн-режимде өткізіледі, ал практикалық сабақтар санитариялық талаптарды сақтай отырып, икемді кесте бойынша офлайн ұйымдастырылады.