Алматы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қаңтардағы тәртіпсіздіктерден зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне келтірілген залалды қалай өтейтінін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Әкім орынбасарының айтуынша, залалды өтеу жоғалған мүліктің құнын төлеу немесе зардап шеккен адамдарға тиесілі бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстары арқылы жүзеге асырылады.
ШОБ субъектілеріне келтірілген шығынды айқындау жөніндегі өңірлік комиссияның немесе «Күш бірлікте» қоры комиссиясының шешімі өтеу үшін негіз болып табылады.
Жоғалған мүліктің құны мемлекеттік бюджеттен және/немесе «Күш бірлікте» қорынан өтеледі, ал мөлшерін өңірлік комиссия және/немесе Қордың комиссиясы айқындайды.
«Жергілікті атқарушы органдар мен Қор қызметтерді көрсету үшін бағалау және аудиторлық компаниялардың тізбесін алдын ала айқындайды және тізбені интернет-ресурста орналастырады. Бұл ретте мүлікке бағалау мен аудит жүргізуге, смета жасауға және бүлінген мүлікті қалпына келтіру шығындарын калькуляциялауға байланысты қызметтерге ақы төлеу әкімдікке немесе Қорға жүктеледі», - деп атап өтті І. Өсеров.
Мүлік құнын өтеу мөлшері мүлікті қалпына келтіру үшін қажетті шығыстар мен арзандату мөлшерін негізге ала отырып айқындалады.
Алматы әкімінің орынбасары жылжымайтын мүлікті жөндеу шығындарын сметамен немесе оны қалпына келтіру шығындарының калькуляциясымен растау қажеттігін атап өтті.
Көлікті айдап әкету жағдайларына келетін болсақ, олар 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер нәтижесінде КО-ны жоюдың дәлелденген фактілерін қоспағанда, қылмыстық заңнама шеңберінде тергелуде.