Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Ильдар Үйсімбаевтың қатысуымен брифинг өтті. Ол мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тәсілдер енгізу және мемлекеттік қызметті қайта жүктеу туралы айтты.
Ильдар Үйсімбаев қаңтардағы сөзінде Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу жүйесін жетілдіру, қызметке орналасу үшін артық кедергілер мен тосқауылдарды алып тастау қажеттігін ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшысы ұсынып отырған барлық реформалар қоғамның сұранысы мен қажеттілігіне негізделген. Елбасы өз Жолдауында «Біздің миссиямыз – Жаңа Қазақстанды құру екендігін атап өтті. Бұл үдеріс қоғамдық санаға тың серпін беріп, азаматтардың болашаққа деген сенімін арттырады», - деді департамент басшысы.
Спикер қазір Агенттіктің алдына мемлекеттік қызметке орналасу және одан шығу рәсімдерін жеңілдету, бюрократияға жол бермеу, меритократия қағидатын ілгерілету бойынша жаңа міндеттер қойылғанын хабарлады. Қазіргі уақытта осы мәселелер аясында бірқатар ұсыныстар әзірленуде.
Мысалы, мемлекеттік қызметке іріктеуді оңайлату үшін жоғары оқу орындары мен колледждерді мемлекеттік грант есебінен GPA (үлгерімнің орташа балы) жоғары көрсеткішпен бітірген мамандарды аудандық және ауылдық деңгейлерде конкурстық іріктеусіз төменгі лауазымдарға қабылдау туралы мәселе қаралуда.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтен шығу рәсімін оңайлату бойынша шаралар қабылдануда.
«Егер қызметкер екі жыл қатарынан теріс баға алған болса, жұмыстан шығарылуы мүмкін. Қазір тоқсан сайынғы бағалауды енгізу ұсынылады. Екі тоқсан қатарынан қанағаттанғысыз баға-лауазымын төмендету, ал төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда – оларды атқаратын лауазымынан босату», - деп жалғастырды И. Үйсімбаев.
Бұл өзгерістер тиімсіз мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан босату рәсімін жеңілдетеді және қалғандардың жауапкершілігін арттырады деп күтілуде.
Барлық мемлекеттік қызметшілерді меритократия қағидаты арқылы мансап бойынша ілгерілеу күтуде. Қазіргі уақытта олардың мансаптық ілгерілеуіндегі қызметінің тиімділігін бағалауды есепке алу туралы мәселе қарастырылуда. Тоқсан сайынғы бағалауға көшу екі жылды күтпей-ақ, қызметкер жұмысының тиімділігін бағалау процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Тиісінше, қатарынан төрт тоқсан ішінде жоғары баға алған қызметшілерді тікелей тағайындай отырып, лауазымын көтеру ұсынылады.
Ильдар Үйсімбаев барлық аталған өзгерістер қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттыруға ықпал ететініне және мемлекеттік қызметтің тартымдылығын қамтамасыз ететініне сенімді.