Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігі Арнайы және инклюзивтік білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілдері айтты.
Орталық директоры Әйгерім Кудеринова Алматының «Қабылдау үйінде» 27-28 қазан күндері Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқу процессіне енгізу: тарихы, мәселелері және даму болашағы» атты тақырыпта ғылыми-практикалық конференциясы өтетінін айтты. Оның негізгі мақсаты - арнайы және инклюзивті білім берудің өзекті мәселелерін талқылау. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 460 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді.
Конференция жұмысына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, білім басқармалары мен білім бөлімдерінің мамандары, арнайы білім беру ұйымдарының директорлары мен мамандары, ҮЕҰ өкілдері, ЖОО оқытушылары және педагогтар қатысады.
«e-Ymdau» ымдау тілі бойынша бейне сөздік - білім беру жүйесінде негізгі және қосымша білім беру бағдарламаларының оқу материалын игеру процесінде ымдау тілін пайдаланатын сурдоаудармашыларға, мектеп, ЖОО оқытушыларына және күнделікті өмірде ымдау тілін пайдаланатын естімейтін азаматтарға арналған толықтырылатын интерактивті деректер базасының таныстырылымы өтетін болады.
Брифинг барысында диагностика-кеңес беру бөлімінің меңгерушісі, психология ғылымдарының кандидаты Әлия Ерсарина психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін оңалту орталықтарының, түзету кабинеттерінің, арнайы және жалпы білім беретін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының психологтарына арналған «Аутизмі бар балаларға арналған арнайы дамтыу» бағдарламасы жайында айтты. Бұл бағдарламаны ата-аналарды аутизмі бар баланы дамыту жұмысына тарту мақсатында қолдануға болады.
«Бұрын мұндай бағдарламалар болмағанын айта кетейін. Бұл бағдарламаны әзірлеудің қажеттілігі мен өзектілігі елімізде аутизммен ауыратын балалар санының жыл сайын көбеюімен байланысты. 2021 жылдың соңғы деректері бойынша аутизм белгілері 8 796 баладан анықталды», - деді А.Ерсарина.
Сонымен бірге конференция барысында «Онтогенез барысында ана тілі жүйесінің қалыптасуы» атты монография таныстырылады. Бұл туралы орталықтың аға ғылыми қызметкері Алмагүл Сейсенова айтты. Оның айтуынша, монографияда сөйлеу тілі онтогенезінің лингвистикалық және психологиялық негіздері, нақты айтатын болсақ ерте және мектепке дейінгі жастағы балалардың ана тілін меңгерудің теориялық мәселелері, бала тілінің даму кезеңдері, ана тілінің фонетикалық жүйесінің онтогенез барысында қалыптасуы, яғни баланың дыбыс айтуының пайда болуы, фонематикалық естуінің дамуы, сөздің буындық құрамын меңгеруі, ерте жастағы балалардың сөздік қорының қалыптасуы, мектепке дейінгі жастағы баланың сөздік қорының дамуы және сөйлеу тілінің грамматикалық құрылымын меңгерудің кейбір аспектілері айқындалды.