Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысқан Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов айтты.

Алматы қаласындағы ӨКП Түрксіб филиалында бизнеске арналған телеграм боты іске қосылды. Боттың негізгі міндеті – кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша жан-жақты және өзекті ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ филиал қызметі аясында консультациялық көмек көрсету.

Боттың көмегімен сервистік қолдау туралы өзекті ақпаратты, кәсіпкерлік саласындағы алдағы жаңалықтар мен өзгерістер туралы хабарламаларды алуға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың мекенжайларын білуге болады.

Қазір бот пилоттық режимде істеп тұр, аталған боттың функционалдығы толықтырылып, жетілдіріледі.

Сонымен қатар, биыл Алмалы ауданының кәсіпкерлері үшін мобилографиялық курстар өтті. 15 адам оқытылды. Оларға сертификаттар берілді. Қазіргі таңда студенттердің екінші легі оқуда.

Жетісу ауданында құрылыс саласы мен жеңіл өнеркәсіпке арналған халықаралық көрмелер алаңы жұмыс істейді. Онда «Exibition Atameken» халықаралық көрмелерінің тізімдері бар. Платформаны пайдалана отырып, сіз белгілі бір көрмеге қатысуға өтініш бере аласыз, аккредитациядан өте аласыз, сонымен қатар басқа да пайдалы ақпаратты ала аласыз. Көрмені таңдау кезінде сипаттама, қатысу шарттары және көрменің өткізілу мерзімі көрсетіледі. Бүгінгі күні құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп, аксессуарлар мен аяқ киім көрмелері 2023 жылдың наурыз айына дейін жарияланды.

Алатау ауданында Индустриалды аймақ үшін кадрлар даярлануда – жоба студенттерді кейіннен жұмысқа орналастыру мақсатында ірі кәсіпорындарда тәжірибеден өтуге бағытталған.

Палатаның Әуезов ауданындағы филиалы интернет-дүкендер ашу жобасын әзірлеуде – айтарлықтай қаржылық шығындарсыз онлайн сату нарығында жас және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Палата жанынан маркетплейстерде сатуды үйрету бойынша тренингтер өткізіледі.

Медеу ауданында кәсіпкерлер арасында экологиялық сауатты қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде – жоба ШОБ субъектілерін қоршаған ортаны қорғауға қатысты заңнама талаптарына енгізілген өзгерістер, толықтырулар туралы ақпараттандыруға бағытталған.

Сондай-ақ, ұрланған телефондардың urlangan.kz тізілімі де бар. Оны қала прокуратурасы Алматы қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жасаған. Мамандар жобаны мегаполистегі сауда үйлерінің бірінде кәсіпкерлермен кездесуде таныстырды.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері қалада телефон, смарт сағат, ноутбук және басқа да гаджеттерді ұрлау фактілері жиілеп кеткен. Қалада барлығы 15 мыңға жуық ұрлық тіркелген. Бұл қолдан смартфон сатып алатын кәсіпкерлерге де әсер етеді. Кәсіпкерлер мен сатып алушыларды сәтсіз мәмілелерден қорғау үшін прокуратура мен Палата мамандары онлайн мәліметтер базасын құрды.

Сатып алынған гаджеттің іздеушілер тізімінде бар-жоғын білу үшін urlangan.kz сайтында IMEI кодын енгізу керек. Егер телефон таза болса, оны еш күдіксіз сатып алуға болады, бірақ егер ол ұрланған болса, дереу прокуратураға хабарласу керек.

Наурызбай ауданында да көп балалы аналарға қолдау көрсетілуде, мұнда бизнес-жоспар құру, салық декларациясын тапсыру, сервистік қолдау көрсету, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын түсіндіру бойынша курстар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. ЖК ашу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.