Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өтіп, онда қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс эпидемиологы Эльвира Ибрагимова кене энцефалитінің алдын алудың негізгі шарасы ретінде вакцинациялау туралы айтты.

«Алматы – кене энцефалитінің эндемиялық аймағы. Тәжірибеде кене шағуының көбінесе наурыздан қыркүйекке дейін болатынын көреміз. Тексерілген кенелердің арасында жұқтырғандары да бар», - деді Э.Ибрагимова.

Маманның айтуынша, кене энцефалитінің алдын алу әсіресе таулы аймақтарда немесе саяжайлар аумағында тұратын тұрғындар үшін өзекті, қалада бұл - Медеу, Бостандық, Наурызбай аудандары.

Аурудың алдын алудың негізгі қағидасы – вакцинация. Кене энцефалитіне қарсы егу 18 жастан бастап жүргізіледі. Оған кене энцефалитінің эндемиялық аумағында тұратын немесе сол жерде тұратын адамдар, сондай-ақ кене энцефалитінің вирусының тірі дақылдарымен жұмыс істейтін медицина қызметкерлері жатады.

«Вакцинация кестесі 1-7 ай аралығымен екі егуден және бастапқы вакцинация курсы аяқталғаннан кейін 12 айдан кейін ревакциянциялаудан тұрады. Бірінші инъекцияны күзгі кезеңде (қазан-қараша), екіншісін 1-2 айдан кейін жасаған дұрыс», - деп түсіндірді эпидемиолог.

Ересектер мен балалардағы кене энцефалитінің шұғыл алдын алу және емдеу үшін кене энцефалитіне қарсы адам иммуноглобулині қолданылады.

Кене энцефалитімен ауырғандар денсаулық жағдайына қарай екі жыл және одан да ұзақ уақыт бойы диспансерлік бақылаудан өтуі тиіс.

«Кене шағуынан зардап шеккен адамдарды диспансерлік бақылау тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымда жиырма бір күн бойы тұрақты термометрия арқылы жүргізіледі», - деп толықтырды спикер.

Сонымен қатар, сарапшы кене шаққан жағдайда оның антигендік құрамын (АГ құрамы) тексеріп, Әуезов-Сәтбаев көшесіндегі Ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және сараптама орталығында жүргізуді ұсынады. Сараптама ақылы негізде жүргізіледі. Сондай-ақ, зардап шеккендер ақылы негізде СЭСО және РСЭБ-те қан талдауын жүргізе алады.

Кене шаққан кезде келесі стационарларға медициналық көмекке жүгіну керек:

  • №4 қалалық клиникалық аурухана (Папанин көшесі, 220);
  • №7 қалалық клиникалық аурухана (Қалқаман шағын ауданы, 20);
  • Орталық қалалық клиническая аурухана ( Жандосов көшесі, 6);
  • Жедел медициналық көмек көрсету қалалық ауруханасы (Қазыбек би көшесі, 96);
  • Балалар жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы (Манас көшесі, 40).