«Жайлы мектеп жобасы деген не?
Қазақстан Үкіметі 2022 жылдың қарашасында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын қабылдады. Ол мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде қолға алынған. Жобаның мақсаты – қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан елді мекендердегі мектеп тапшылығын жою, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерден арылу.
«Ұлттық жоба шеңберінде салынатын орта білім беру ұйымдарында жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын құру да – жобаның басты міндеттерінің бірі. Сонымен қатар жоба ауыл мен қала мектептерінің білім сапасындағы айырмашылықты жоюы тиіс. Аталмыш жоба бойынша 2023-2025 жылдар аралығында 401 мектеп салынбақ. Алматыда бірінші кезеңде 13 мектеп салу жоспарланған», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Таймбетов.
Пилоттық жобаны жүзеге асыру барысында 60 мыңнан аса уақытша жұмыс орны, 40 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Қазіргі жағдай қандай?
Ресми дерек бойынша, тәуелсіздік жылдарында еліміздегі мектептер саны 1,4 мың бірлікке қысқарған. Егемендіктің алғашқы жылдары Қазақстанда 9 мыңдай мектеп болса, қазір олардың саны 7,4 мыңды құрайды. Мектептердің азаюына болашағы жоқ мекендердегі шағын жинақты мектептерде білім алушылар санының қысқаруы және олардың жабылуы себеп.
Қазіргі кезде елімізде 3,7 млн оқушы бар. Соның 2,2 миллионы қалалық мектептерде, 1,5 миллионы ауылдық мектептерде оқиды. 2022 жылы мектептегі оқушы орындарының 270 мың орынды құраған. Қазіргі кезде қала мектептерінде 174 мың орын жетіспесе, ауылдық жерлерде 96 мың оқушыға орын тапшы. Ал орын тапшылығы бір сыныпта бала санын көбейіп, екі ауысым емес, үш ауысыммен оқытуға мәжбүрлейтіні анық.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2021-2022 оқу жылында республика бойынша 7 385 орта білім беретін мектеп жұмыс істеген. Оның 6 942-і – мемлекеттік, 443-і – жекеменшік мектеп. Соның ішінде 151 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Алматы, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласында орналасқан.
«Қазақстан өңірлері бойынша алар болсақ, Түркістан облысы мен Алматы қаласында мектеп жетіспейді екен. Халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында 42 мыңнан аса балаға мектепте орын тапшы. Ал ірі мегаполис Алматы қаласында 39 мың оқушыға орын жетіспейді», – деді Әуез Таймбетов.
Қандай жұмыс жүріп жатыр?
Ұлттық жоба құрылысының операторы ретінде – Samruk-Kazyna Construction компаниясы анықталған. Ол құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынып жатқанын бақылайды, мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді, нысанның сапасы мен уақытылы қолданысқа берілуіне жауапты. Компания сайтында жарияланған ақпарат бойынша, компания құрылыстың егжей-тегжей жоспарын дайындап қойған. Мектептер негізінен қазіргі кезде мектепке тапшылық бар аймақтарда салынады.
Жоба аясында Алматы мен Түркістан облыстарында 63 мектептен салынса, Маңғыстау облысында 24 мектеп жаңадан бой көтереді. Сонымен қатар, ірі мегаплистерде салынатын білім ошақтарының қатары біршама. Шымкент қаласында 25 мектеп салынатын болса, Астанада – 24, ал Алматы қаласында 22 жайлы мектеп құрылысы басталмақ. Қалған мектептер шағын қалаларды қоса алғанда, бүкіл Қазақстан бойынша бірдей салынады.
Жергілікті қамтуды ұлғайту
Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде отандық тауар өндірушілерді тарту көзделген. Сонымен қатар, ұлттық жобаның негізгі талабы – Самұрық-Қазына АҚ тауар өндірушілерінің тізілімі және отандық өндірушілердің тізілімі (СТ-KZ сертификаттары негізінде және жиһаз саласы үшін Индустриялық сертификат+ СТ-KZ негізінде) арқылы сатып алуды жүзеге асыру.
«Атамекен» ҰКП ұлттық жобаны іске асыру кезінде қолдануға ұсынылатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді іске асыра алатын отандық өндірушілердің тізілімін дайындады. Тізілім тиісті қызмет түрлеріне сәйкес тіркелген заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер бойынша Ұлттық статистика бюросының деректер базасы негізінде қалыптастырылған. Онда ұйымның атауы, өзі айналысатын қызмет түрінің коды, кәсіпкерлік субъектінің өңірі және шифрланған БСН нөмірі бар», – деп атап өтті Алматы ӨКП жергілікті қамту және сатып алу бөлімінің бастығы Жанна Мырзақұлова
ҰКП тізіліміне:
инженерлік коммуникацияларды жобалауға, құрылыс-монтаждау жұмыстарына және жүргізуге қолданыстағы лицензиялары бар 32728 құрылыс компания;
8812 жиһаз кәсіпорны, оның ішінде мектеп жиһазы, корпус жиһазы, кеңсе, металл, жұмсақ, орындықтар және басқа да түрлері өндірушілері;
1401 заңды тұлға;
7411 жеке кәсіпкер;
11595 құрылыс материалдарын өндіруші;
4377 жабдық өндіруші енгізілген.
«Жобаның әлеуметтік құрауышынан бөлек, экономикалық та маңызы бар. Осылайша оқу орындарының жетіспеушілігі мәселесін жүйелі түрде шешуге, апатты және үш ауысымды мектептерді жоюға күш салынады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, отандық өндірушілерді тарту арқылы жергілікті қамту үлесі өседі, білім сапасын арттыруға жағдай жасалады. Қазіргі кезде Алматы бойынша бірінші кезеңге 13 мектеп құрылысы қаралу үстінде», – деп қорытындылады Әуез Таймбетов.