Алматы мәслихатының VIII шақырылған депутаттарының кезектен тыс XVI сессиясында мегаполис әкімі Ерболат Досаевтың Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне біржолғы төлем мөлшерін 2 миллион теңгеге дейін арттыру туралы бастамасын бірауыздан қолдады.

Айта кетейік, жыл сайын Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай ардагерлерге 1 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем төленеді.

«Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен біржолғы әлеуметтік көмекті 1 миллион теңгеге ұлғайту туралы шешім қабылдаймыз. Биыл ардагерлер 2 миллион теңге көлемінде біржолғы көмек ала алады», - деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.

Қазіргі таңда Алматыда 44 ҰОС ардагері тұрады.

Алматы қаласы мәслихатының жеке шешіміне сәйкес, 2023 жылы ҰОС-ның 56 ардагеріне 1 миллион теңге және қосымша 500 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді.

Төлем «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Алматы қаласының аудандық әкімдіктері екінші деңгейлі банктердегі шоттарына өтініштерді талап етпей, тізімге сәйкес беріледі.